Медицина жастары жаңа белесте

Астанада өткен «QazMed Volunteers – ел игілігі үшін» республикалық форумы медициналық волонтерліктің дамуына жаңа серпін берді. Үш күнге созылған шараға еліміздің түрлі өңірлерінен келген фронт-офистер қатысып, тәжірибе алмасып, ортақ бастамаларды талқылады.
Алғашқы күн жастардың репродуктивті саулығын нығайтуға бағытталған «Saulyq Life» жобасына арналды. Семей, Алматы, Астана, Шымкент және Қарағанды қалаларының өкілдері атқарылған жұмыстарын ұсынып, нақты нәтижелер бойынша есеп берді.
Форумның екінші күнінде халықаралық NVS волонтерлік желісінің сарапшылары сөз сөйлеп, тиімді волонтерлік экожүйе қалыптастырудың заманауи тәсілдерімен бөлісті.
Үшінші күні аймақтық фронт-офистер жаңашыл ұсыныстарын жеткізіп, жұмыс қорытындыларын ұсынды. Бұл бағытта Семей қаласының фронт-офисі ерекше белсенділігімен көзге түсіп, қатысушылар тарапынан жоғары баға алды.
Форум аясында Семей медициналық университетінің фронт-офис координаторы Сернад Калиев қоғамдық денсаулық саласына қосқан үлесі үшін арнайы төсбелгімен марапатталды. Сонымен қатар бірқатар белсенді волонтерлер сертификаттар мен алғыс хаттарға ие болды.
Шара қазақстандық медициналық волонтерлердің бір арнаға тоғысып, қоғам саулығына бағытталған бастамаларды нығайтуына мүмкіндік берді. Форум нәтижесі QazMed қозғалысының ел бойынша ықпалын күшейтіп, медициналық еріктіліктің дамуына жаңа бетбұрыс жасады.



