Спорт

Семейде «Abai Joly 100 miles» ультратрейлі өтті

Семейде жүгіруден «Abai Joly 100 miles» ультратрейл жарысы төртінші рет ұйымдастырылды. Биылғы додаға қатысушылар 3 және 50 шақырымдық екі дистанция бойынша бақ сынады.

3 шақырымдық «Бастама – Есірткіге жол жоқ» жарысы Абай атындағы әуежайдан басталып, сол жерде мәреге жетті. Оған 64 әуесқой спортшы қатысып, екі жас санаты бойынша жүлделерді сарапқа салды. Жарыс Абай облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жүлделері үшін өткізілді.

Ал 50 шақырымдық «Күшікбай асуы – ЕҰУ 30 жыл» дистанциясына 30 желаяқ қатысты. Қатысушылар Абай атындағы әуежайдан бастап, Семей–Қарауыл тас жолы бойымен Күшікбай батыр асуына дейін жүгірді.

50 шақырымдық жарыста «BURA» спорт клубы тағайындаған 150 мың теңгелік бас жүлдені Әкім Еркебай 3 сағат 37 минут 20 секунд нәтижесімен жеңіп алды.

Сонымен қатар жарыс аясында «ENU_30», «ENU_Sociology_20» және спорт жанашырлары тағайындаған арнайы жүлделер табысталды. Олардың қатарында “Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдеш Имаханов”, “Ақын-жазушы Кащаф Туғанбаев”, “Полиция ардагері Зайнолда Есқалиев”, “Құрметті теміржолшы Амантай Қасымханов” және “Еңбек ардагері Саттар Салықжанов” атындағы жүлделер бар.

Жарысты өткізуге Абай облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Семей қаласының Дене шынықтыру және спорт бөлімі және «El Sport» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырушылық қолдау көрсетті. Доданы Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті мен Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы да қолдады.

Биыл 30 жылдығын атап өтіп жатқан Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Қазақтың спорт және туризм академиясы жарыстың жүлдегерлері мен финишерлерін марапаттауға үлес қосты.

Сондай-ақ «Shakarim University», mystart және Bas Sport интернет-платформалары жарыстың өтуіне қолдау көрсетті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button