Басты жаңалық

Семейде жаңа өндіріс орны ашылды

Абай облысында «Qazaq Astyq Group» серіктестігінің тазартылған өсімдік майын құю және қаптау цехы іске қосылды.

Жаңа цех өңірдің өңдеу өнеркәсібін дамытуға, өндірістік әлеуетін арттыруға және жұмыспен қамту деңгейін көтеруге үлес қосады. Жобаның жалпы құны 8,4 миллиард теңгені құрайды. Оның аясында 104 жұмыс орнын ашу көзделген.

Кәсіпорындағы өсімдік майын рафинациялау өндірісінің жобалық қуаттылығы тәулігіне 200 тонна тазартылған күнбағыс майын өндіруге есептелген. Жылдық өндіріс көлемі 73 мың тоннаға дейін жетеді.

Кәсіпорын өнімдері Қазақстанның ішкі нарығына жеткізіліп қана қоймай, шет мемлекеттерге де экспортталады. Бұл отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экспорттық әлеуетті кеңейтуге және өңірдің экономикалық байланыстарын нығайтуға мүмкіндік береді.

Бүгінде комитет еліміз бойынша 3,5 мыңнан астам инвестициялық жобаны сүйемелдейді. Абай облысында прокуратураның сүйемелдеуінде жалпы құны 4,5 трлн теңгені құрайтын 110 жоба бар. Бұл көрсеткіштердің артында ауқымды инвестициялар, жаңа өндіріс орындары және мыңдаған әлеуетті жұмыс орны тұр.

Биыл өңірде бірқатар жаңа кәсіпорындар іске қосылды. Атап айтқанда, «Шығыс ШПЗ» серіктестігінің OSB тақталарын шығаратын зауыты және «Агролидер» серіктестігінің бұршақты және басқа да дақылдарды өңдеу және тазарту зауыты пайдалануға берілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button