Конституцияның 37-бабы: табиғатты қорғау – ортақ міндет
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының 37-бабында азаматтардың табиғатты сақтауға және табиғи байлыққа ұқыпты қарауға міндетті екені көрсетілген. Сонымен қатар мемлекет адамның өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді. Бұл норма экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызын айқындайды.
Ата Заңда белгіленген бұл міндет Абай облысы үшін де өзекті. Әсіресе Семей өңірінің экологиялық тарихы мен қоршаған ортаны қорғау мәселелері ерекше назар аударуды қажет етеді. Семей ядролық сынақ полигонының тарихи зардаптары аймақтың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың маңызын арттыра түседі.
Бүгінде Абай облысында экологиялық ахуалды жақсарту бағытында бірқатар жоба қолға алынған. Соның бірі – Семей қаласында жаңа заманауи қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу. Жобаның құны 8,97 млрд теңгені құрайды. Құрылысқа 100 гектар жер бөлінген. Жаңа нысан іске қосылғаннан кейін қаладағы қалдықтарды басқару жүйесін жаңарту көзделіп отыр.
Сонымен қатар өңірде қалдықтарды қайта өңдеу, елді мекендерді тазарту, көгалдандыру және орман алқаптарын сақтау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастамалар қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтып, тұрғындар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.
Конституцияның 37-бабы табиғатты қорғауды азаматтардың міндеті ретінде бекітеді. Ал оны жүзеге асыру мемлекеттік бастамалармен қатар, әр адамның қоршаған ортаға деген жауапкершілігіне де байланысты. Абай облысында қолға алынған экологиялық жобалар осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі.



