Заң

Қауіп қайдан келеді?

Семейде студенттерге заң мен қауіпсіздік туралы ашық әрі нақты ескерту жасалды. Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің ювенальдық полиция қызметкерлері 100-ге жуық колледж білім алушысына арнайы сабақ өткізіп, құқықбұзушылықтың салдары мен қауіпсіз өмірдің негізгі қағидаларын түсіндірді.

Кездесу «Авиценна» жоғары медициналық колледжінде өтті. Дәріс барысында бопсалау, ұрлық, алаяқтық және ойын-сауық орындарындағы қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Полиция қызметкерлері түнгі уақытта заңды өкілдерінің рұқсатынсыз көшеде жүрудің қауіпті екенін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ студенттерге құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық орындардағы қауіпсіздік және заң талаптарын сақтаудың маңызы түсіндірілді. Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай профилактикалық шаралар жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, оларды түрлі қауіптен сақтауға көмектеседі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button