Заң

Семейде университетке түсуге көмектесемін деп 2,5 млн теңге алған күдікті анықталды

Полицияға Жаңасемей ауданының 41 жастағы тұрғыны алаяқтық фактісі бойынша арызданған. Оның айтуынша, белгісіз азамат биыл мамыр айында 18 жастағы ұлын жоғары оқу орнына түсіруге көмектесемін деп сеніміне кіріп, 2 500 000 теңге көлеміндегі қаражатты иемденген.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдікті ретінде Семей қаласының 41 жастағы тұрғынын анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша алаяқтық фактісімен тексеру жүргізілуде.

Күдіктіге процессуалдық құқықтары түсіндіріліп, келу міндеттемесі алынған. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Абай облысы Полиция департаменті азаматтарды оқу орнына түсу, жұмысқа орналасу немесе құжат рәсімдеу мәселелерінде күмәнді делдалдардың қызметіне жүгінбеуге және бейтаныс адамдардың уәделеріне сенбеуге шақырады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button