Семейде түнгі клубтардың уақыты қысқаруы мүмкін

Семейде құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесі талқыланды. Отырыста полиция басқармасының басшысы Қайрат Абдығалиев қылмыс деңгейінің өсуіне көңіл көтеру орындарының жұмысы әсер етіп отырғанын айтты.
Полиция мәліметінше, қалада 200-ден астам кафе, бар және түнгі клуб бар. Биыл осы нысандарға байланысты шамамен 2000 шақырту тіркелген. Түнгі уақытта алкоголь сату талаптарын бұзудың 160-қа жуық фактісі анықталған.
ПБ басшысы құқық бұзушылықтардың 80 пайызы түнгі 00:00-ден кейін жасалатынын атап өтті. Осыған байланысты тұрғын үйлерде орналасқан ойын-сауық орындарының жұмысын 23:00-ге дейін, ал жеке тұрған нысандарды 02:00-ге дейін шектеу ұсынылды.
Айтуынша, түнгі 24:00-ге дейін ғана жұмыс істейтін мекемелерден қоғамдық тәртіп бұзуға қатысты биыл шағым түспеген.
Сонымен қатар полиция «102» қоңыраулары негізінде ойын-сауық орындарының анти-рейтингін әзірлеген.



