Абай облысында «Резеңке пәтер» іс-шарасы өтуде

18–21 ақпан аралығында Абай облысының аумағында «Резеңке пәтер» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде. Негізгі мақсат – азаматтардың тұрғылықты және нақты тұратын мекенжайы бойынша заң талаптарына сәйкес тіркелуін қамтамасыз ету, жалған тіркеу деректерін анықтау және олардың алдын алу.
Іс-шара барысында Көші-қон қызметі мен Криминалдық полиция қызметкерлері бірлесіп тұрғын үй секторында тексеру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар тіркеу қызметін ұсыну туралы хабарландырулар жариялаған тұлғаларды анықтау мақсатында онлайн-платформаларға тұрақты мониторинг жасалуда.
Бір тәуліктегі тексеру нәтижесінде:
– тұрғылықты жері бойынша тіркеу және тұру қағидаларын бұзған 72 адам анықталды;
– жеке басын куәландыратын құжатсыз немесе тіркеусіз жүрген 62 адам тіркелді;
– бір айдан астам уақыт бойы жарамсыз немесе жеке куәлігі жоқ, сондай-ақ тіркеусіз жүрген 7 Қазақстан азаматы анықталды.
Мамандардың айтуынша, бұл шара тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыруға және заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған. «Резеңке пәтерлерді» анықтау – жалған тіркеудің және тұрғын үй саласындағы заңсыз әрекеттердің алдын алудың маңызды тетігі.
Абай облысының Полиция департаменті азаматтарға заңды тіркелудің және жеке куәлікті уақытылы жаңартудың маңыздылығын ескертеді. Тіркеу қағидаларын бұзу – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.



