Абай облысының үздік учаскелік инспекторы анықталды

Абай облысы Полиция департаменті ұйымдастырған қызметтік сайыстардың қорытындысы бойынша Мақаншы аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің аға учаскелік инспекторы, полиция капитаны Тастамбеков Ерзат Ерболатұлы «Абай облысының үздік учаскелік инспекторы» атанды.
Ерзат Ерболатұлы 2018 жылдан бері Абай облысы ПД Мақаншы аудандық полиция бөлімінде қызмет атқарып келеді. Қазіргі таңда ол шамамен 3 мыңға жуық тұрғынды қамтитын учаскеге жауапты. Азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тыныштықты қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және профилактикалық жұмыстар жүргізу – оның күнделікті қызметінің негізгі бағыты.
Қызметтік сайыстар барысында барлық кезеңдерден жоғары нәтиже көрсетуі – кәсіби біліктіліктің, жауапкершіліктің және қызметке деген адал көзқарастың айқын көрінісі. Ерзат Ерболатұлы әріптестері арасында да, тұрғындар арасында да беделге ие.
Өз жетістігі туралы пікір білдірген ол учаскелік инспектор үшін ең басты құндылық – халықтың сенімі екенін атап өтті.
– Әрбір тұрғынның қауіпсіздігіне жауапты екенімді үнемі сезінемін. Бұл – үлкен жауапкершілік. Үздік атану мен үшін зор мәртебе. Бұл жетістік әріптестерімнің қолдауы мен тұрғындардың сенімінің нәтижесі. Алдағы уақытта да ел тыныштығы жолында адал қызмет етемін, – деді полиция капитаны.
Айта кетейік, аталған сайыстар учаскелік инспекторлардың кәсіби деңгейін арттыруға, үздік қызметкерлерді ынталандыруға бағытталған.



