Жаңа форматта әскери қызмет етуге ниеттілерді қабылдау басталды

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығында үш жылға келісімшарт бойынша әскери резервке еріктілерді қабылдау басталды. Іріктеу жұмыстары 2025 жылғы 18 наурызда «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес жүргізілуде.
Резервке 18 бен 57 жас аралығындағы, жұмыс істейтін және жұмыссыз азаматтар қабылданады. Үміткер Қазақстан азаматы болуы, моральдық және кәсіби талаптарға сай келуі, денсаулығы жарамды болуы және әскери билеті болуы тиіс.
Келісімшарт бойынша резервтегі азаматтар жылына бір рет 30 күндік далалық жиындарға қатысады. Бұдан бөлек, ай сайын 3 күн, жылына шамамен 30 күн жауынгерлік дайындық сабақтарынан өтеді. Осылайша, резервшілер жылына 60 күн әскери дағдыларын жетілдіреді.
Резервте қызмет ететін жұмыс істейтін азаматтарға орташа айлық жалақысы сақталады. Ал жұмыссыздар үшін ең төменгі жалақы қарастырылған. Жиындар кезеңінде резервтегілер бюджет есебінен медициналық қамтамасыз етумен қамтылады.
Жаңа форматтағы әскери қызмет Қарулы күштерді жасақтау жүйесін жетілдіруге бағытталған. Резерв қажет болған жағдайда жұмылдыру ресурсын қысқа мерзімде толықтыруға мүмкіндік береді.
Резервке қабылдау жергілікті әскери басқару органдарында жүзеге асады. Қазіргі уақытта Семей қаласының 32355, 30217 әскери бөлімдері және Үшарал қаласының 40398 әскери бөлімі резервті жасақтап жатыр.



