Семейде тәтті өнім аларда абай болыңыз

Семей қаласының мамандары тәтті өнімдер мен импорттық тауарларды сатып алғанда сақ болуды ескертеді. Қауіпсіз өнім таңдау үшін ең алдымен тауарды ресми дүкендерден алған жөн. Белгісіз сауда орындарында сапасы күмәнді өнімдер жиі кездеседі.
Қаптамада өнімнің атауы, құрамы, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, шыққан елі және өндіруші туралы ақпарат толық көрсетілуі тиіс. Жазбаның қазақ тілінде берілуі – міндетті талап. Маркировкасы жоқ немесе тек шетел тілінде болған өнімді тұтынбау қажет.
Сатушыдан сәйкестік декларациясын және тауарға ілеспе құжаттарды сұратуға болады. Құжатсыз өнімнің қауіпсіздігіне сенім аз. Қаптаманың бүтін болуы да маңызды: ашылған немесе зақымдалған тәттілерді пайдалануға болмайды.
Балаларға арналған тәттілерді таңдауда аса мұқият болған жөн. Шығу тегі белгісіз, тым ашық түсті немесе өткір иісті өнімдер денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Тәтті тұтынғаннан кейін аллергия, іштің ауыруы немесе жүрек айнуы байқалса, дереу дәрігерге жүгіну қажет.
Семейліктер күмәнді өнімді санитариялық бақылау басқармасына, 109 нөміріне немесе eOtinish және eGov платформалары арқылы хабарлай алады.



