Президент Парламент төрағалығына қатысты қауесетке пікір білдірді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір палаталы Парламент төрағасы лауазымын өзіне дайындап жатыр деген әңгімелерді жоққа шығарды. Бұл туралы ол «Turkistan» газетіне берген сұхбатында айтты.
Президент мұндай пікірлерді негізсіз деп атап, олардың өз саяси ұстанымына мүлде қайшы келетінін жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан – президенттік басқару нысанындағы мемлекет және бұл қағидат бірнеше рет ашық айтылған.
«Мен “Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет” тұжырымдамасын Ақордаға келмей тұрып, сегіз жыл бұрын жарияладым. Жеке мүдде үшін мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі өзгерту – жауапсыздық әрі адамгершілікке жат әрекет», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев ел үшін маңызды барлық реформалар жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл мәселеде ешқандай жасырын жоспар немесе астыртын мақсат жоқ.
Президент саяси жаңғыру бағыты жалғасатынын, ал ұзақ мерзімге арналған реформалар жоспары алдағы уақытта жұртшылыққа ұсынылатынын жеткізді.



