Абай жастары

Жас волонтер – жаңа буын бейнесі

Қоғамды алға сүйрейтін өзгерістер әрдайым белсенді жастардан басталады. Өз уақыты мен күшін өзгеге пайда тигізуге арнаған жас көшбасшылар – бүгіннің тірегі, ертеңнің үміті. Солардың қатарында Төкен Еділ де бар.

Еділ үшін еріктілік – жай ғана қоғамдық жұмыс емес, өмірлік ұстаным. Бұл жолға ол 8-сыныпта қадам басты. Содан бері жеке жетістікпен шектелмей, қоғамға пайдалы істерді басты мақсатқа айналдырды.

Бүгінде ол Ы.Алтынсарин атындағы №37 гимназиясының 11-сынып оқушысы, өңірдегі жас көшбасшылардың белсенді өкілі. Оның бастамасымен мектеп парламенті жанданып, гимназия республикалық деңгейде «Үздік мектеп парламенті» атанды. Еріктілер тобы құрылып, әлеуметтік жобалар жүйелі іске асуда.

Еділ облыстық және республикалық форумдарға қатысып, тәжірибе жинақтап келеді. Астана мен Павлодарда өткен жас көшбасшылардың «Әрекет уақыты» және «Республикалық интенсив» бағдарламалары оған жаңа көзқарас қалыптастырды. Бүгінде ол облыстық үйлестіру кеңесінің тұрақты мүшесі ретінде аудан көшбасшыларымен тәжірибе бөлісуде.

2023 жылдың көктемінде Семей орманында болған өрттен кейін алғашқы болып ағаш егу акциясына қатысуы – оның табиғатқа жанашыр көзқарасының дәлелі. «Болашаққа қалатын ең үлкен мұра – жасыл орта», – дейді жас эколог.

2025 жылы Беларусь Республикасында өткен «Достастықтың балалары» халықаралық форумына қатысу Еділ үшін үлкен мектеп болды. Сол жерде Беларусь Ұлттық кеңесінің төрайымына Абайдың 45 қара сөзін табыстап, қазақ руханиятын танытты.

«Өзге елде жүріп, өз халқыңның мәдениетін көрсету зор жауапкершілік», – деп атап өтті ол.


Абай тойы кезінде Еділ ұйымдастырған еріктілер тобы қалалық іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосты. Сонымен қатар халықаралық поэзия фестивалінде аудармашы болып, шетелдік қонақтар мен қазақ мәдениетінің арасын жалғады. Осы еңбегі үшін ол Абай облысы әкімінің алғыс хатымен марапатталып, «Жылдың жас волонтері» атанды.


Қазіргі таңда Еділ бастамашыл жастардың жаңа толқынын қалыптастыруға күш салып жүр. Оның әр ісі — елге қызмет етудің нақты үлгісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button