Қазақстан балуандары Албанияда тағы екі алтын жеңіп алды

Албания астанасы Тиранада күрес түрлерінен өтіп жатқан рейтингтік турнирде Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетіп жатыр. Кезекті жарыс күнінде отандастарымыз тағы екі алтын медаль еншіледі.
72 келіге дейінгі салмақта Жәмилә Бақбергенова қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанды. Ал грек-рим күресінің өкілі Мейіржан Шермаханбет 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалда жеңіске жетіп, ел қоржынына екінші алтынды салды.
Бұған дейін де қазақстандық спортшылар жоғары нәтиже көрсеткен болатын. Атап айтқанда, Зейнеп Баянова (50 келіге дейін) мен Лаура Алмағамбетова (55 келіге дейін) турнир жеңімпазы атанды.
Сонымен қатар әйелдер құрамасы екі қола медальға ие болды. Нилуфар Раимова (57 келіге дейін) мен Гүлмарал Еркебаева (76 келіге дейін) үздік үштіктен көрінді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы халықаралық турнирде жүлде санын арттырып, жоғары деңгейдегі дайындығын тағы бір мәрте дәлелдеді.



