«Қаладан – ауылға»: Шынқожаға мамандар қажет

Абай облысы Аягөз ауданындағы Нарын ауылдық округінің орталығы – Шынқожа ауылы. Табиғаты көркем бұл елді мекен Аягөз қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 32 шақырым жерде, Нарын өзенінің жағасында орналасқан.
Ауылдың іргесі 1912 жылы пошта бекеті ретінде қаланған. Атауы қалмақ шапқыншылығына қарсы күрескен Шынқожа батырдың есімімен байланысты. Бүгінде ауылда 955 тұрғын тұрады. Негізгі кәсіп – мал шаруашылығы, ауылда 80-нен астам шаруа қожалығы жұмыс істейді.
Шынқожа ауылында тұрмысқа қажетті жағдайлар жасалған. Ауыл толықтай интернетпен қамтылған, ауызсу мәселесі жоқ. Ауыл арқылы Алматы – Семей автожолы өтеді. Сондықтан бұл өңірді ел ішінде «тоғыз жолдың торабы» деп аталып кеткен. Қазір ауыл маңында теміржол құрылысы жүргізіліп жатыр.
Ауылда заманауи мектеп пен амбулатория жұмыс істейді. Мектептің материалдық базасы жақсы болғанымен, мұғалім мамандары қажет. Амбулаторияда білікті дәрігер қызмет етеді, мұнда көршілес ауылдардың тұрғындары да келіп қаралады.
Шынқожа ауылы «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасын қолдап отыр. Сол себепті қоныс аударған азаматтарға жұмыс пен тұрғын үй мәселесін шешуге дайын. Әсіресе мұғалімдер, медицина қызметкерлері және басқа мамандарға сұраныс бар.
Ауыл еңбек етемін деген азаматтарға ашық. Тұрақты жұмыс пен тыныш өмірді қалайтын отбасыларды Шынқожа ауылына қоныс аударуға шақырамыз.



