Қазақстандықтар шығындарын қысқарта бастады

Жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін қазақстандықтар шығындарын үнемдеуге көшкен. Мұны DEMOSCOPE жүргізген сауалнама нәтижесі көрсетіп отыр.
Зерттеуге сәйкес, тұрғындар ең алдымен азық-түлікке, киімге және көлікке жұмсалатын шығындарын азайта бастаған.
Қазақстандықтар көбіне мына шығындарды қысқартып жатыр:
- азық-түлік – 44,5%,
- киім мен аяқ киім – 36,1%,
- жеке көлік пен такси – 28,3%,
- кафе, мейрамхана және жеткізу қызметі – 25,8%,
- ойын-сауық пен демалыс – 23,2%.
Ал сауалнамаға қатысқандардың 24,2 пайызы ештеңеден үнемдемеймін деп жауап берген.
Сонымен қатар респонденттердің 65 пайызы жаңа Салық кодексі өміріне кері әсер етеді деп санайды. Оның ішінде 40,5 пайызы жағдай айтарлықтай нашарлайды деп есептесе, 24,5 пайызы аздап теріс әсер болады деп күтеді. Ал 8,2 пайызы ғана өмірі жақсаруы мүмкін деген пікір білдірген.
Сарапшылардың айтуынша, қазақстандықтардың экономикалық алаңдаушылығы күшейіп келеді. Соңғы халықаралық зерттеулерде Қазақстан экономикалық қиындықтар халықты ең көп алаңдататын елдердің алғашқы 15-тігіне енген. Негізгі алаңдаушылық – қымбатшылық.



