Басты жаңалық

Семейдің қоғамдық көлік паркі 32 жаңа автобуспен толықты

Наурыз мейрамы қарсаңында Семейде жаңа заманауи автобустар табысталды.

Облыс әкімі Берік Уәлидің тапсырмасына сәйкес былтырдан бері қаладағы тасымалдаушылар автопарктерін жаңарту жұмыстарын жүргізіп келеді. Соның аясында «Авто Транс Семей» және «Семавтопарк» ЖШС Семейде құрастырылған 32 жаңа автобус сатып алды.

Жаңа автобустар жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Әр автобус шамамен 100 жолаушыға дейін тасымалдауға арналған. Көліктерде салқындату жүйесі орнатылған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы болу үшін автобустар реттелетін отырғызу алаңы мен арнайы аппарельмен жабдықталған.

Облыс әкімі Берік Уәли жаңа автобустарды көріп, өңірде қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасатынын атап өтті.

— Наурыз мейрамы қарсаңында қала тұрғындарына жақсы тарту болды деп ойлаймын. Автобустар заман талабына сай жабдықталған, жолаушыларға өте қолайлы. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырамыз. Жолаушы тасымалдаушыларға әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетіледі, — деді аймақ басшысы.

Қалада қоғамдық көлік жүйесін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Биыл Семейге 70-ке жуық жаңа автобус сатып алу жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 46-сы алынған, оның 14-і жыл басынан бері желіге шығып, жолаушыларды тасымалдап жүр.

Айта кетейік, өткен жылы қоғамдық көлік паркін жаңарту мақсатында 62 автобус сатып алынған.

Қазір Семейде 43 маршрут жұмыс істейді, оларға 329 автобус қызмет көрсетеді. Қалада жолаушылар тасымалымен 5 компания айналысады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button