Семейде Коалиция өкілдері бастауыш партия ұйымы мүшелерімен кездесті

Семей қаласындағы IT-колледж ғимаратында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» облыстық Коалиция өкілдерінің №1 бастауыш партия ұйымы мүшелерімен кездесуі өтті.
Кездесуді №1 БПҰ төрайымы, колледж директоры Шамшия Күмашева жүргізді. Жиын барысында жалпыұлттық референдум аясында ұсынылған конституциялық реформалардың мазмұны мен маңызы кеңінен талқыланды. Сондай-ақ Абай облыстық Коалициясының құрамына өңірдегі бес саяси партия филиалдары мен жетекші қоғамдық ұйым өкілдері енгені айтылды.

Коалиция мүшелері Оралхан Сартаев, Айрат Базенов, Ермек Әбілмажінов және білім саласының өкілдері сөз сөйлеп, реформалардың елдің ұзақмерзімді дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
Іс-шара ашық диалог форматында өтті. Қатысушылар көтерген сұрақтарға нақты әрі мазмұнды жауаптар берілді.
Кездесуде жаңа Конституция мемлекет басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды қадам екені айтылды. Жаңа өзгерістер басқару сапасын арттыруға, шешім қабылдау үдерісін айқындауға және жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді.



