Аягөздегі локомотив депосы жылына 435 тепловозға қызмет көрсетеді

Абай облысының әкімі Берік Уәли жұмыс сапары барысында Аягөз қаласындағы «Қамқор Локомотив» ЖШС-нің Аягөз локомотив жөндеу депосында болды. Аймақ басшысына кәсіпорынның өндірістік мүмкіндіктері, негізгі қызмет бағыттары мен алдағы даму жоспарлары таныстырылды.
Аягөз локомотив жөндеу депосы 1930 жылы құрылған. Бүгінде кәсіпорын «ҚТЖ – Жүк тасымалы» компаниясының ТЭ33А, ТЭ33АС және ТЭП33А сериялы тепловоздарына сервистік қызмет көрсетеді.

Қазіргі уақытта депода 130 адам еңбек етеді. Кәсіпорынның жылдық жоспарына сәйкес 435 бірлік тепловозға қызмет көрсету көзделген.
Депоның материалдық-техникалық базасы өндірістік цехтармен, электромашиналық және тепловоз экипаж бөлігіне қызмет көрсету бөлімшелерімен, қазандықпен, автокөлік бокстарымен және қоймалармен жабдықталған. Сонымен қатар кәсіпорында теміржол жылжымалы құрамы мен арнайы техника бар.

Аягөз депосы тек Абай облысына ғана емес, сонымен қатар Алматы, Қызылорда, Ақмола, Ақтөбе және Атырау облыстарындағы теміржол тасымалы саласына да сервистік қызмет көрсетеді.
Аймақ басшысы өндірістік нысанды аралап көріп, теміржол саласындағы кәсіпорындардың өңір экономикасын дамытудағы рөлі маңызды екенін атап өтті.



