Басты жаңалық

Ақтөбенің алтын тарихы Семейде

Абай облысында тарих пен мәдениет тоғысқан ерекше көрме ашылды. Семейде өткен «Ақтөбе өңірінің тарихи мұралары» атты жылжымалы көрме көне дәуірдің құпиясын бүгінгі күнмен жалғап отыр.

Көрмені Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырып, 300-ге жуық бірегей жәдігерді көпшілік назарына ұсынды. Экспозицияның өзегі – 2018–2019 жылдары жүргізілген археологиялық қазбалар нәтижесінде табылған құнды олжалар.

Келушілер Елек I қорымынан табылған алтын бұйымдармен таныса алады. Олардың қатарында қылыш әшекейлері, ер-тұрман бөлшектері мен ат әбзелдері бар. Бұл жәдігерлер ғұн дәуіріндегі жоғары мәртебелі тұлғалардың өмірінен сыр шертеді.

Сондай-ақ Тасқопа қорғандарынан табылған археологиялық олжалар да ерекше қызығушылық тудырады. Солардың негізінде қалпына келтірілген «Тасқопа көсемі» – Қазақстандағы «Алтын адам» қатарына жататын маңызды тарихи бейне.

Көрменің тағы бір бөлімі Ақтөбе өңіріндегі дәстүрлі сәулет ескерткіштеріне арналған. Этнографиялық фотосуреттер арқылы әр аймақтың сәулет ерекшеліктері көрсетілген.

Бұл көрме тек жәдігерлер жиынтығы емес, өткен мен бүгінді байланыстыратын рухани көпір іспетті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button