Семейде Шығармашылық орталығының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр

Семей қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында бірқатар маңызды нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр.
Облыс әкімі Берік Уәли жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта салынып жатқан Шығармашылық, Медиа, Көрме және Теннис орталықтарының құрылыс алаңдарында болды.
Шығармашылық орталығының құрылысы Шымкент қаласының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Үш қабатты ғимараттың жалпы ауданы 3939 шаршы метрді құрайды. Орталық 150 адамға арналған. Оның құрылымы оқу, жалпы мектептік және әкімшілік-шаруашылық блоктарынан құралған. Оқу бөлімі музыкалық, хореографиялық және бейнелеу өнері бағыттарына бөлінеді.
Мұнда балалардың сапалы білім алып, шығармашылық қабілеттерін дамытуына, әлеуметтік және мәдени тұрғыдан жетілуіне барлық жағдай жасалатын болады.
Нысанда қазіргі таңда металл конструкцияларын дәнекерлеу, екінші қабатта монолитті учаскелерді орындау жұмыстары жалғасуда. Мердігерлердің айтуынша, құрылыс кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Нысан келесі жылы жазда пайдалануға беріледі.
Ғимараттың құрылыс барысымен танысқан аймақ басшысы нысанның уақтылы әрі сапалы салынуы маңызды екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында бірнеше нысанның құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бүгін жұмыстардың барысымен танысып, белгіленген кестеге сәйкестігін және қандай қолдау қажет екенін көріп, білу үшін құрылыс алаңына арнайы келдім. Бұл – Шымкент қаласының Абай өңіріне тартуы. Шығармашылық орталығы қаламызға өте қажет. Өйткені, балаларымыздың бос уақытын тиімді өткізіп, өнермен айналысуына арналған мұндай орындар жеткіліксіз. Мұнда түрлі үйірмелер, би залдары мен музыкалық аспаптар қарастырылған. Яғни, балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға барлық мүмкіндік жасалатын болады. Осы орайда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековке, қала жұртшылығына алғысымызды білдіреміз. Құрылыс жұмыстарына тартылған азаматтардың 90 пайызы жергілікті тұрғындар екен. Құрылыс материалдары да жергілікті жерден жеткізіліп жатыр. Өте жақсы. Өз тарапымыздан қажетті қолдау көрсетеміз. Сәттілік тілеймін», – деді Берік Уәли.


