Әлеумет

Әлеуметтік көмекке жаңа шек

Қазақстанда әлеуметтік қолдау жүйесіне өзгеріс енгізіліп, біржолғы төлемдердің ең төменгі мөлшері белгіленді. Енді мерекелік және атаулы күндерге берілетін әлеуметтік көмектің көлемі 2,5 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) төмен болмайды.

Аталған мәселе Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұйымдастырған аппараттық кеңесте қаралды. Жиынға министр Асқарбек Ертаев төрағалық етті. Кеңесте азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін жетілдірудің аралық нәтижелері талқыланды.

Бүгінге дейін өңірлерде әлеуметтік көмектің түрі мен мөлшері әртүрлі болып келді. Бұл жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктеріне тікелей байланысты еді. Осыны ескере отырып, Үкімет бірыңғай ең төменгі шекті бекіту туралы шешім қабылдады.

Жаңа тәртіпке сәйкес, табысы төмен азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшері енді ең төменгі күнкөріс деңгейімен тікелей байланыстырылады. Аталған көрсеткіш республикалық бюджет туралы заңмен айқындалады. Соның нәтижесінде күнкөріс деңгейі артқан сайын әлеуметтік төлемдер көлемі де автоматты түрде өсіп отырады.

Сонымен қатар, әлеуметтік көмектің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында оның барлық түрі, көлемі мен көрсету шарттары кезең-кезеңімен цифрлық форматқа көшірілуде. Бұл мәліметтер E-Sobes ақпараттық жүйесі жүйесіне енгізіліп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда айлық есептік көрсеткішті есептеу тәсілін өзгерту мәселесі де көтерілген болатын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button