Әлеумет

Миллиардтар зейнетақыға аударылды

Қазақстанда зейнетақы жүйесі жаңа деңгейге көтеріліп жатыр. Енді жұмыс беруші есебінен қосымша төлемдер енгізіліп, миллиондаған азаматтың болашақ табысы арта түспек. Жыл басынан бері қазақстандықтардың шоттарына 951 млрд теңге аударылған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) 5,8 млн қызметкерді қамтыды. Бұл тетік қызметкердің жалақысын қысқартпай, толықтай жұмыс беруші тарапынан төленеді.

Жаңа жүйе бойынша болашақ зейнетақы үш бөліктен құралады: мемлекеттік базалық төлем, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақ және жұмыс берушіден түсетін қосымша шартты-жинақтаушы төлем. Осылайша азаматтар зейнетке шыққанда өмір бойы қосымша төлем алу мүмкіндігіне ие болады.

Бұл әсіресе 1975 жылдан кейін туған азаматтар үшін маңызды. Өйткені олардың зейнетақы көлемі жинақтың тұрақтылығына және жүйеге қатысуына тікелей байланысты.

2026 жылы жұмыс беруші аударымдарының мөлшері қызметкер табысының 3,5%-ын құрайды. Ал 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш 5%-ға дейін кезең-кезеңімен өседі.

Мамандардың айтуынша, бұл жүйе азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, жұмыс берушілерді де әлеуметтік жауапкершілікке ынталандырады. Сонымен қатар мұндай шығындар салық есептеу кезінде ескеріліп, бизнеске де жеңілдік қарастырылған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button