Басты жаңалық

Алаш астанасында үлкен футбол додасы

Семей қаласында белгілі спорт журналисі әрі комментатор Амангелді Сейітханды еске алуға арналған шағын футболдан республикалық «Seitkhan Cup» турнирі өтіп жатыр. Бұл жолы журналистер ақпарат алаңында емес, жасыл алаңда өзара мықтыны анықтауда.

«Спартак» стадионында ұйымдастырылған турнирге еліміздің 6 облысы мен 4 қаласынан 12 команда қатысуда. Атап айтқанда, жарысқа Qazaqstan TV, «Хабар», Kazmedia, «Семей», «Абай облысы», Setanta, Aqmeshit, Qareket, «Атырау», «Шымкент», Taraz Press және Bek Sport командалары келген.

«Seitkhan Cup» турнирі 2022 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Бұған дейін Алматы қаласында өткен жарыс биыл алғаш рет Амангелді Сейітханның туған жері – Абай елінде, Алаштың астанасы Семейде ұйымдастырылып отыр.

Турнирдің ашылу салтанатына белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы, Қазақстан спорт ардагерлері одағының төрағасы Елсияр Қанағатов, «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев, сондай-ақ Амангелді Сейітханның жақындары қатысты.

Жарыстың ашылуында сөз сөйлеген Абай облысының әкімі Берік Уәли турнирдің маңызына тоқталып, бұл жарыстың журналистер арасындағы достық пен кәсіби байланысты нығайтатын маңызды алаң екенін атап өтті.

Сондай-ақ аймақ басшысы «Абай облысы» командасының құрамында алаңға шығып, турнирге қатысушылармен бірге доп тепті.

Амангелді Сейітхан – қазақ спорт журналистикасында айрықша қолтаңба қалдырған тұлға. Ол футболдан әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарын қазақ тілінде жүргізіп, ұлттық спорт журналистикасының дамуына зор үлес қосты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button