Алиментті өндіріп алу оңайлайды

Сенат депутаттары азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы Конвенцияға енгізілген өзгерістерді ратификациялады. Бұл жаңашылдық кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, алимент өндіру тәртібін жеңілдетуге бағытталған.
Қабылданған өзгерістерге сәйкес, енді тек сот шешімдері ғана емес, сот бұйрықтары да Конвенцияға қатысушы елдер аумағында танылып, мәжбүрлі түрде орындалады. Бұл алимент өндіріп алу процесін жеделдетіп, әсіресе шетелде тұратын борышкерлерге қатысты істерді тиімді шешуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар мәжбүрлеп орындалатын құжаттар тізімі кеңейтіліп, сот бұйрықтарын орындауға қатысты өтініш беру тәртібі нақтыланды. Қоса тіркелетін құжаттар саны да ұлғайып, орындаудан бас тарту негіздері нақты айқындалды.
Соңғы бес жылда Қазақстанға шетел соттарының шешімдерін тану және орындау бойынша 102 өтініш түсіп, оның 94-і қанағаттандырылған. Ал Қазақстан тарапынан 169 өтініш жолданып, 153-і мақұлданған.
Сенаторлар бұл өзгерістер трансшекаралық істердегі құқықтық олқылықтарды жойып, алимент өндірудің тиімділігін арттыратынын атап өтті. Нәтижесінде балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тетіктері күшейіп, Қазақстанның халықаралық беделі де арта түседі.



