Басты жаңалық

Абай облысында радиологиялық медицина және ғылымның өңірлік кластерін құру мәселесі талқыланды

Курчатов қаласына ғылыми қалашық мәртебесін беру жөніндегі жұмыстар аясында және облыс әкімі Берік Уәлидің өңірлік ғылымды дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу туралы тапсырмасын орындау мақсатында Семей медицина университетінде «Радиологиялық медицина және ғылымның өңірлік кластерін құру тұжырымдамасы» тақырыбында кеңейтілген дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – өңірдің ғылыми, білім беру және медициналық әлеуетін біріктіру арқылы радиологиялық медицина саласын жаңа деңгейге көтеру, ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыру, инновациялық технологияларды денсаулық сақтау жүйесіне енгізу және Абай облысын медициналық ғылым мен жоғары технологиялардың маңызды орталықтарының біріне айналдыру мәселелерін талқылау болды.

Дөңгелек үстел жұмысына облыс әкімдігі, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, Семей медицина университеті, Shakarim University, Alikhan Bokeikhan University, Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институты, Ұлттық ядролық орталық, Ядролық технологиялар паркі, Ядролық медицина және онкология орталығының басшылары мен жетекші мамандары, ғалымдар, зерттеушілер және сарапшылар қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар өңірде радиологиялық медицина және ғылымның өңірлік кластерін қалыптастырудың стратегиялық маңызын жан-жақты талқылады. Атап айтқанда, ғылыми ұйымдардың, жоғары оқу орындарының, медициналық мекемелердің және өндірістік құрылымдардың өзара ықпалдастығын күшейту, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін тәжірибеге енгізу және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Бүгінде Абай облысы ядролық ғылым, радиациялық медицина және экологиялық зерттеулер бағытында қалыптасқан ғылыми мектептері мен мамандандырылған ұйымдары бар өңірлердің бірі саналады. Осы әлеуетті тиімді пайдалану арқылы жаңа ғылыми жобаларды жүзеге асыру, халықаралық деңгейдегі зерттеулерді дамыту және жоғары білікті мамандар даярлау көзделіп отыр.

Радиологиялық медицина және ғылымның өңірлік кластерін құру ғылым, денсаулық сақтау және білім беру салаларының мүмкіндіктерін бір арнаға тоғыстыруға бағытталған маңызды бастама болып табылады. Мұндай интеграция өзекті қолданбалы ғылыми зерттеулердің сапасын арттыруға, инновациялық медициналық технологияларды әзірлеуге және оларды клиникалық тәжірибеге жедел енгізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар кластерді құру нәтижесінде өңірдегі медициналық ұйымдардың ғылыми әлеуеті артып, заманауи диагностикалық және емдеу әдістерін енгізуге, күрделі ауруларды ерте анықтау мүмкіндігін кеңейтуге және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға жағдай жасалады.

Қатысушылар мұндай кластердің құрылуы өңірдегі жоғары технологиялық медицинаның дамуына тың серпін беретінін атап өтті. Оның аясында радиологиялық зерттеулер, ядролық медицина, онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің жаңа әдістері, медициналық генетика, радиоэкология және медициналық физика бағыттары кешенді түрде дамытылатын болады.

Дөңгелек үстел барысында тұжырымдама жобасы жан-жақты қаралып, кластердің негізгі даму бағыттары айқындалды. Атап айтқанда, радиациялық медицина, ядролық медицина, цифрлық медицина, онкология, медициналық генетика, радиоэкология, биомедициналық технологиялар және медициналық деректерді цифрлық талдау салаларындағы жоғары технологиялық шешімдерді енгізу басым бағыттар ретінде белгіленді.

Сондай-ақ қатысушылар ғылыми зерттеулерді халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, шетелдік ғылыми орталықтармен әріптестікті кеңейту, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, жас ғалымдарды қолдау және өңірдің ғылыми кадрлық әлеуетін күшейту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының өзара ықпалдастығы студенттер, магистранттар, докторанттар мен жас зерттеушілердің ғылыми жұмыстарға белсенді қатысуына, тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге және жаңа ғылыми әзірлемелер жасауына мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Кластерді қалыптастыру өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, медициналық ғылым саласына инновациялық жобаларды тартуға, халықаралық гранттық бағдарламаларға қатысу мүмкіндігін кеңейтуге және ғылыми-инновациялық экожүйені дамытуға да оң ықпал етеді деп күтілуде.

Бұдан бөлек, бастаманы іске асыру нәтижесінде өңір тұрғындары үшін жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігі артып, күрделі ауруларды ерте диагностикалау мен емдеу мүмкіндіктері кеңейеді. Бұл өз кезегінде халық денсаулығының жақсаруына және өмір сүру сапасының артуына ықпал етеді.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар ұсынылған тұжырымдаманы қолдап, өңірлік кластерді құру жөніндегі жұмысты бірлесіп жалғастыруға уағдаласты. Алдағы кезеңде тұжырымдамада көзделген негізгі бағыттарды кезең-кезеңімен іске асыру, ғылыми ұйымдар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту және нақты жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Қабылданған тұжырымдама негізінде барлық мүдделі тараптар радиологиялық медицина және ғылымның өңірлік кластерін құру туралы меморандумға қол қояды. Құжат ғылым, жоғары білім және денсаулық сақтау ұйымдарының күш-жігерін біріктіріп, өңірде заманауи ғылыми-инновациялық ортаны қалыптастыруға, радиологиялық медицина саласын дамытуға және Абай облысының ғылыми әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге негіз болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button