Жолаушыларға жайлы вокзалдар

Абай облысында теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл туралы облыс әкімі Берік Уәли Үкімет отырысында баяндады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы еліміздегі вокзал инфрақұрылымын жаңғырту жобасын жүзеге асыруда. Бағдарлама аясында республика бойынша 124 теміржол вокзалы жаңартылуда.

Осы жобаның шеңберінде Бородулиха ауданындағы Ауыл және Белағаш теміржол вокзалдары қайта жаңғыртудан өтіп, пайдалануға берілді. Бұл нысандар жаңарту жұмыстары аяқталған алғашқы вокзалдардың қатарына кірді.
Жаңғырту барысында вокзал ғимараттары кеңейтіліп, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары толық жаңартылды. Инженерлік желілер заман талабына сай қайта жабдықталып, перрондар жөнделді. Сонымен қатар аумақтар абаттандырылып, жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасалды. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға, қарттарға және балалы аналарға арналған арнайы инфрақұрылым қарастырылған.

Қазіргі уақытта Ақтоғай, Дегелең, Шар, Үшбиік, Жарма, Жалаңашкөл және Аягөз станцияларында құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Ал Семей теміржол вокзалында құрылыс қарқыны күшейтіліп, жұмыстар екі ауысыммен жүргізіліп жатыр.
Облыс әкімінің айтуынша, өңірдегі барлық нысандардағы жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес атқарылуда. Құрылыс барысына тұрақты мониторинг жүргізіліп, жобалардың сапалы әрі уақытылы аяқталуы бақылауда ұсталып отыр.
Теміржол вокзалдарын жаңғырту тұрғындар мен қонақтарға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға тың серпін береді.



