Спорт

Алтын мен қола – Абай еншісінде

Таиланд Корольдігінің Паттайя қаласында өткен U15 жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Абай облысының спортшылары табысты өнер көрсетіп, ел қоржынына бір алтын және бір қола медаль салды.

85 келі салмақ дәрежесінде белдескен Ералы Мұратов жарыс барысында қарсыластарының барлығын айқын басымдықпен жеңіп, Азия чемпионы атанды. Ол алғашқы айналымда Түрікменстан өкілі Мұхамметәлі Оразовты 5:0 есебімен ұтса, жартылай финалда Өзбекстан балуаны Темур Уроловтан 10:0 есебімен басым түсті. Ал финалда Үндістан спортшысын 8:0 есебімен жеңіп, чемпиондық тұғырға көтерілді.

44 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Нұралы Амангелді де жүлдегерлер қатарынан көрінді. Алғашқы белдесуінде Қырғызстан өкілін 6:1 есебімен жеңген ол жартылай финалда Өзбекстан спортшысына жол берді. Үшінші орын үшін өткен тартысты кездесуде Үндістан балуанын 5:4 есебімен ұтып, Азия чемпионатының қола медалін жеңіп алды.

Жас балуандардың халықаралық додадағы жоғары нәтижесі – қажырлы еңбек пен жүйелі дайындықтың жемісі. Бұл жетістік Абай облысында спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігін айқындай түседі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button