Басты жаңалық

Дамудың даңғыл жолы

Абай облысында теміржол вокзалдары заманауи кейіпке енеді

Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымдық жаңаруы жаңа қарқынға ие болды. Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте өңір үшін стратегиялық маңызы бар қос мәселе – теміржол вокзалдарын ауқымды жаңғырту және спорт саласындағы заңнамалық өзгерістерді іске асыру барысы сарапқа салынды. Жиынға облыстық басқармалар мен өңірлік департамент жетекшілері қатысса, аудандар мен қалалардың әкімдері бейнебайланыс арқылы қосылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі 124 теміржол вокзалын реконструкциялау туралы тапсырмасы Абай облысында жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Осы бағдарлама аясында өңірдегі 10 бірдей вокзалды толық жаңғырту жоспарланған. Алғашқы нәтижелер де бар: маусым айында Бородулиха ауданындағы «Ауыл» және «Белағаш» станцияларындағы вокзалдар күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілді. Бұл екі нысанда да ғимарат аумағы кеңейтіліп, перрондар жаңартылды, ал іргелес аймақтар заманауи үлгіде абаттандырылды.

Қазіргі таңда қалған 8 вокзалда құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Бекітілген кестеге сәйкес, тамыз айының соңына дейін Үшбиік, Дегелең, Жалаңашкөл, Шар және Жарма вокзалдары толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Ал қыркүйек айының соңына қарай Ақтоғай, Аягөз және Семей қаласының бас вокзалдары жаңарған кейіпте жолаушыларды қабылдамақ.

Айта кету керек, Аягөз қаласындағы тозығы жеткен ескі вокзал толығымен бұзылып, орнына аумағы 1367 шаршы метрден асатын еңселі жаңа ғимарат бой көтереді. Ал Семей қаласындағы халықаралық теміржол вокзалының аумағы 3037 шаршы метрден 4905 шаршы метрге дейін ұлғайып, тәуліктік өткізу қабілеті екі есеге артады (1619-дан 3156 жолаушыға дейін). Сонымен қатар, облыс әкімінің тікелей ұсынысымен жобаға жолаушылар қауіпсіздігі мен қолайлылығын қамтамасыз ететін конкорстық өткел енгізіліп, оның да құрылысы басталып кетті.

Жиын барысында аймақ басшысы бұл жобалардың халықтың тұрмыс сапасы мен өңірдің экономикалық әлеуетін арттырудағы рөліне ерекше тоқталды.

«Мемлекет басшысының Жолдауында көлік инфрақұрылымын жаңғырту және өңірлердің теңгерімді дамуын қамтамасыз ету міндеттері айқындалған. Теміржол саласын дамыту, вокзалдарды заманауи талаптарға сай жаңғырту – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Президент тапсырмасына сәйкес өңірлердегі теміржол вокзалдары кезең-кезеңімен жаңғыртылып, халықтың барлық санатына тең дәрежеде қолжетімді, заманауи әрі жайлы инфрақұрылым қалыптастырылады. Бұл бастама өңірлердің сәулеттік келбетін жақсартып қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға ықпал етеді», – деді Берік Уәли.

Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалымен тығыз байланыста жұмыс істеп, құрылыс қарқынын үдетуді, жұмыс күшін тиімді ұйымдастыруды және барлық нысандарды бекітілген мерзімде сапалы тапсыруды қатаң тапсырды. Абай облысының көлік артериясы жаңа сипат алып, халыққа заманауи әрі қауіпсіз қызмет көрсетудің жаңа стандартына қадам басуда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button