Қазақтар ұлдарына қандай есім қояды?

Қазақстанда 10 миллионнан аса ер адам тұрады. Ал биыл дүниеге келген сәбилер арасында ең көп қойылған есім – Алан. Отан қорғаушылар күні қарсаңында елдегі ер азаматтарға қатысты тың статистика жарияланып, демографиялық көрсеткіштер мен ең танымал есімдер белгілі болды.
Бүгінде Қазақстанда 10 044 673 ер азамат бар. Статистикаға сәйкес, олардың басым бөлігі еңбекке қабілетті жаста. Ерлердің 56,5%-ы – 16 мен 60 жас аралығындағы тұрғындар. Ал 30,2%-ын балалар құрайды.
Елдегі ер азаматтардың орташа жасы – 31,1 жас. Күтілетін өмір сүру ұзақтығы 72 жылдан асады. Ең белсенді еңбек ететін топ – 35-44 жас аралығындағы азаматтар. Бұл санатта шамамен 1,4 миллион адам бар.
Ер адамдар ең көп шоғырланған өңірлер қатарында Алматы қаласы мен Түркістан облысы көш бастап тұр. Әрқайсында шамамен 1,1 миллион ер азамат тұрады. Одан кейін Алматы облысы мен Астана қаласы орналасқан.
2025 жылғы мәлімет бойынша, жұмыспен қамтылғандардың 51,6%-ы – ерлер. Олар негізінен өнеркәсіп, сауда, ауыл шаруашылығы және көлік саласында еңбек етеді.
Ал биылғы жылдың алғашқы бес айында ең танымал ер бала есімі – Алан болды. Бұл есім 817 сәбиге қойылған. Сонымен бірге Айсұлтан, Әлихан, Мұхаммед және Рамазан есімдері де жиі таңдалған.



