Семей — өңірдің сауда орталығы
Абай облысындағы бөлшек және көтерме сауда айналымы өсті

Абай облысының ішкі сауда секторы 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында оң динамика көрсетіп, өңір экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын айғақтады. Жедел статистикалық деректерге сәйкес, есепті кезеңдегі бөлшек сауда тауар айналымы өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,2 пайызға артып, 378,6 миллиард теңгені құрады. Республикалық деңгейде Абай облысы бөлшек сауда көлемі бойынша 2,7 пайыздық үлеспен 11-орынды иеленіп, елдің сауда-экономикалық жүйесіндегі өз орнын айқындай түсті.
Өңірдегі бөлшек сауданың негізгі қозғаушы күші ретінде базарларда сауда жасайтын және жеке сауда қызметімен айналысатын кәсіпкерлер танылды, өйткені олардың үлесі жалпы бөлшек сауда айналымының 59,7 пайызын қамтып, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,3 пайызға көбейген. Мұнымен қатар, сауда саласындағы заңды кәсіпорындардың да белсенділігі артып, олардың сауда көлемі 16,6 пайызға өсіп, облыстағы бөлшек сауданың 40,3 пайызын құрады.
Тауар айналымының құрылымына назар аударсақ, тұтынушылық сұраныстың басым бөлігі азық-түлік емес өнімдерге тиесілі екенін көруге болады. Жалпы бөлшек тауар айналымының 65,3 пайызын азық-түлік емес тауарлары құраса, азық-түлік өнімдерінің үлесі 34,7 пайыз болды. Өңірлік бөліністе өндірістік әрі логистикалық хаб ретінде Семей қаласы көш бастап тұр. Облыстық сауда көлемінің 76,5 пайызы немесе 289,5 миллиард теңгесі дәл осы Семей қаласына тиесілі болып шықты. Аудандық деңгейде елеулі үлесті Аягөз (5,6%) мен Жарма (4,4%) аудандары иеленсе, Үржар ауданы 2,9 пайызды, Бородулиха ауданы 2,1 пайызды құрады. Қалған өңірлердің салмағы Курчатов қаласындағы 1,9 пайыздан бастап, Бесқарағай (1,7%), Ақсуат (1,5%), Мақаншы (1,4%), Абай (1%-ға дейін) және Көкпекті (1%-ға дейін) аудандары аралығында ауытқиды.
Бөлшек саудамен қатар өңірдегі көтерме сауда секторы да айтарлықтай өсім көрсетті. 2026 жылдың алғашқы жеті айында көтерме сауда көлемі 207,1 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 119,8 пайыздық көрсеткішпен жоғары қарқынды байқатты. Көтерме сауданың құрылымдық сипатында азық-түлік емес тауарлар мен өндірістік-техникалық мақсаттағы өнімдер басымдыққа ие болып, 69,9 пайызды құраса, азық-түлік тауарларының үлесі 30,1 пайызды бағындырды.
Бұл көрсеткіштер сауда саласының жеке де, отбасылық немесе тұрмыстық қажеттіліктерге арналған бөлшек сату бағытында да, сондай-ақ кейіннен кайта сатуға немесе өндірістік мақсаттарға арналған көтерме өткізу бағытында да өңір экономикасының басты драйверлерінің бірі болып қала беретінін дәлелдейді. Абай облысындағы шағын және орта бизнес өкілдерінің белсенділігі мен ірі сауда субъектілерінің өсімі өңірдің халықты қажетті тауарлармен қамтамасыз ету әлеуетін арттырып, жалпы экономикалық тұрақтылықты нығайтуға өз үлесін қосып келеді



