Басты жаңалық

Жағажай қауіпсіздігі назарда

Абай облысының әкімі Берік Уәли төрағалық еткен әкімдік отырысында шомылу маусымында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды.

Қазіргі таңда облыс аумағындағы су айдындарында демалыс, туризм және спортқа арналған 21 орын белгіленген. Оның ішінде 15 коммуналдық жағажай, 2 жеке жағажай және 4 жаппай демалыс аймағы бар.

Өткен жылы облыс су айдындарында 12 адам, оның ішінде 4 бала суға батып көз жұмған. Мамандардың айтуынша, қайғылы оқиғалардың басым бөлігі қауіпсіздік талаптарын сақтамау, мас күйінде суға түсу және балаларды қараусыз қалдыру салдарынан болған.

Шомылу маусымына дайындық аясында Алакөл жағалауында құтқару станциясы ашылды. Сонымен қатар, халық көп жиналатын орындарда патрульдеу күшейтіліп, 30 жаяу және 16 мобильді бекет қойылады. Бұл жұмыстарға төтенше жағдайлар департаменті мен әскери бөлімнің 100-ден астам қызметкері жұмылдырылады.

Сондай-ақ су айдындарында оқу-жаттығулар өткізу, су түбін тазарту, қауіпті аймақтарға ескерту белгілерін орнату және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту жоспарланып отыр.

Жиында Алакөлдегі шағын көлемді кемелерге арналған пирстер орнату, жағалаудағы бейнебақылау жүйесін кеңейту және Семей қаласындағы жабдықталмаған жағажайларды ретке келтіру мәселелері де көтерілді.

Облыс әкімі қала және аудан әкімдеріне қауіпсіздік шараларын күшейтуді, ресми демалыс орындарының санын арттыруды және туристік аймақтардың инфрақұрылымына талдау жүргізуді тапсырды.

Сонымен қатар, жиында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасының жүзеге асу барысы қаралды. 16 мамыр күні өткен сенбілікке 15 мыңнан астам адам қатысып, нәтижесінде 3342 тонна қоқыс шығарылды. Биыл облыста 67 мың көшет отырғызу жоспарланса, қазіргі таңда оның 52 мыңнан астамы егілген.

Басқа жаңалықтар

Back to top button