Басты жаңалық

Облыс әкімі: «Әкімдердің жұмысы өткізілген сенбіліктің санымен емес, елді мекендердің нақты жағдайымен бағаланатын болады»

Абай облысы әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасының өңірде іске асырылу барысы жан-жақты талқыланды. Кеңес барысында елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, көгалдандыру жұмыстарының орындалуы, заң талаптарының сақталуы және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған іс-шаралардың тиімділігі сараланды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Думан Оспанов пен Абай облысы Полиция департаменті басшысының орынбасары Жасұлан Байкенов баяндама жасап, жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың нәтижесін таныстырды.
Баяндамаға сәйкес, 2026 жылғы 4 сәуірден бастап облыстың барлық қала, аудан және ауылдық елді мекендерінде санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған сенбіліктерге мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, кәсіпорын ұжымдары, білім беру ұйымдарының өкілдері, жастар, еріктілер және белсенді тұрғындар қатысып келеді.

Жыл басынан бері өткізілген экологиялық іс-шараларға 290 мыңнан астам тұрғын қатысып, жұмыстарға 5941 ұйым мен 2656 арнайы техника жұмылдырылды.
Ауқымды тазалық акцияларының нәтижесінде:
* 33 мыңнан астам аула аумағы тазартылды;
* 894 саябақ пен сквердің аумағы абаттандырылды;
* 43 719 тонна тұрмыстық қалдық пен қоқыс полигондарға шығарылды.

Сонымен қатар өңірді көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жалғасуда. Биылғы жылға арналған жоспар бойынша облыс аумағында 67 мың көшет отырғызу көзделсе, бүгінгі күнге дейін оның 60 мыңға жуығы егілді.Жасыл желек көлемін ұлғайту бағытындағы жұмыстар күз мезгілінде де жалғасады.
Жиында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл бағыттағы жұмыстар мектепке дейінгі ұйымдардан бастап барлық білім беру мекемелерінде кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Атап айтқанда, «Жасыл балабақша» жобасы бүгінде облыстың 33 мектепке дейінгі ұйымында жүзеге асырылып жатыр. Жобаға 4861 тәрбиеленуші мен 553 педагог қатысуда. Бағдарлама аясында балаларға табиғатты қорғау, өсімдіктерді күту, қалдықтарды сұрыптау және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениеті үйретілуде.
Ал облыстағы 305 мектепте оқушылар үшін 1554 экологиялық сынып сағаты ұйымдастырылып, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және экологиялық жауапкершілік тақырыптары қамтылды.

Жыл бойы облыста республикалық және халықаралық деңгейдегі бірқатар экологиялық акциялар мен жобалар өткізілді.
Олардың қатарында:
* «Жер сағаты» халықаралық акциясы;
* Мемлекет басшысының қатысуымен өткен республикалық экологиялық телемарафон;
* «Қарағай» экологиялық қойылымы;
* «Let’s Forest Kazakhstan – Ash to Art in Semey» халықаралық көрмесі;
* жастар мен еріктілердің қатысуымен өткен табиғатты қорғау акциялары және басқа да қоғамдық іс-шаралар бар.

Бұл бастамалардың барлығы тұрғындардың табиғатқа жанашырлық көзқарасын қалыптастыруға және экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Су көздерін қорғау мен табиғи нысандарды қалпына келтіру мақсатында өткізілген «Мөлдір бұлақ»республикалық акциясының екі кезеңінде облыс бойынша 29 бұлақтың көзі тазартылды.
Акцияларға 8800 тұрғын қатысып, олардың күшімен 8 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Сонымен қатар бұлақтардың айналасы абаттандырылып, санитарлық жағдайы жақсартылды.
Экологиялық бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі – тазалық талаптарының сақталуын бақылау және заң бұзушылықтардың алдын алу.
Осы мақсатта облыс әкімдігі мен Полиция департаменті «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен «Заң мен тәртіп»қағидаты аясында бірлескен рейдтік жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Полиция қызметкерлері елді мекендерді абаттандыру қағидаларының сақталуын бақылап, рұқсат етілмеген орындарға қоқыс төгу, аумақтарды ластау және басқа да құқық бұзушылықтарды анықтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.

Жыл басынан бері өңірде:
* 2245-тен астам рейд ұйымдастырылды;
* абаттандыру қағидаларын бұзудың 7838 фактісі анықталды;
* құқық бұзушыларға 28,2 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында цифрлық технологиялар да кеңінен қолданылып келеді.
Облыс аумағындағы бейнебақылау камералары арқылы ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 1175 фактісі тіркеліп, құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жиын барысында облыс әкімі Берік Уәли экологиялық бағдарламаның мәні жай ғана сенбілік ұйымдастырумен шектелмейтінін ерекше атап өтті.

Аймақ басшысы ең басты мақсат – халықтың табиғатты қорғауға деген көзқарасын өзгертіп, тазалықты күнделікті өмір салтына айналдыру екенін айтты.

«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы жай ғана сенбілік өткізу үшін қабылданған жоқ. Оның негізгі мақсаты – тұрғындардың қоршаған ортаның тазалығын сақтау мәдениетін қалыптастыру. Өкінішке қарай, кейбір жерлерде бұл жұмыс формалды сипат алып барады. Егер біз тазалық туралы айтатын болсақ, онда ол есеп үшін емес, нақты нәтижемен көрінуі керек. Әкімдердің жұмысы өткізілген сенбіліктің санымен емес, елді мекендердің нақты жағдайымен бағаланатын болады. Аула, көше, саябақ немесе қоғамдық орындардың тазалығы – тұрғындардың күнделікті өмірінен байқалуы тиіс. Сондықтан барлық деңгейдегі әкімдер бұл жұмысты тұрақты бақылауда ұстап, нақты нәтижеге қол жеткізуі қажет», – деді Берік Уәли.

Облыс әкімі сондай-ақ санитарлық тазалық мәселесі тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындардың белсенділігі мен азаматтық мәдениеті артпайынша, қоршаған ортаның тазалығын ұзақ мерзімді деңгейде қамтамасыз ету мүмкін емес.
Кеңес қорытындысында Берік Уәли қала және аудан әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Атап айтқанда:
* «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы барлық жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстау;
* анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою;
* орындалмаған тапсырмалар бойынша жан-жақты талдау жүргізу;
* көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын күшейту;
* мемлекеттік органдардың өзара үйлестіруін арттыру;
* халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру;
* құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша рейдтік шараларды жүйелі жалғастыру.
Аймақ басшысы барлық жауапты мемлекеттік органдарға бағдарламаның іске асырылу тиімділігін арттыру бойынша нақты нәтижеге бағытталған жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, «Таза Қазақстан» бағдарламасы алдағы уақытта да өңірде жүйелі түрде жалғасады. Оның басты мақсаты – елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау ісіне қоғамның барлық өкілдерін тарту және өңірдің экологиялық ахуалын тұрақты түрде жақсарту болып қала береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button