Ғасырлық тарихы бар қара шаңырақ

Қазақ руханиятының орталығы – Семей өңірі тарих қойнауына тұнған қасиетті мекен. Осы өлкенің білім мен ғылым көгіндегі жарқын жұлдызы – Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледж. Ғасырлық шежіресі бар бұл қара шаңырақ кешегі Алаш ардақтыларынан бастау алған ұлы көштің сабақтастығын үзбей, бүгінде елімізге білікті маман даярлап отырған маңдайалды оқу орнына айналып отыр. Жуырда аймақ басшысы Берік Уәлидің колледж директоры Шағангүл Жанаевамен кездесуі осы қасиетті орданың әлеуетін арттырып, өңірдегі білім беру сапасын жаңа сапалық деңгейге көтерудің маңызын айқындай түсті.
Жүз жылдан астам уақыт ішінде колледж мыңдаған түлекті ұядан ұшырып, олардың ұстаздық жолға түсуіне тірек болды. Ерекше мақтанышпен айта кетерлігі, бұл оқу орнының қабырғасында қазақтың маңдайалды қайраткерлері білім алған:
-
Мұхтар Әуезов – ұлы жазушы, әлемге танылған қаламгер;
-
Жүсіпбек Аймауытов – Алаштың ардақты арысы, ұстаз-ғалым;
-
Қаныш Сәтпаев – қазақтан шыққан тұңғыш академик;
-
Әлкей Марғұлан – ғұлама археолог, тарихшы;
-
Шәкен Айманов – қазақ кино өнерінің саңлағы.
1967 жылы Мұхтар Әуезовтің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында оқу орнына ұлы жазушының есімі беріліп, оның есімі мен мұрасы колледждің басты темірқазығына айналды.
Бүгінгі күні колледж заман талабына сай жаңарып, өз беделін биік ұстап келеді. Оқу орнында еңбек етіп жүрген 70-ке жуық оқытушы – өз ісінің нағыз шеберлері. Олардың сапалық көрсеткіші ұжымның жоғары ғылыми-педагогикалық әлеуетін көрсетеді:
-
Педагог-шеберлер: 10
-
Педагог-зерттеушілер: 10
-
Педагог-сарапшылар: 7
-
Педагог-модераторлар: 21
-
Магистрлер саны: 27
Сондай-ақ оқытушылар құрамында ғылым кандидаты, Ы.Алтынсарин атындағы медаль иегерлері, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» мен «құрметті қызметкері» атанған мадоқты ұстаздар бар. Бұл – колледждің бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудегі мықты тірегі.
Аймақ басшысы Берік Уәли мен колледж директоры, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Барыс» орденінің иегері Шағангүл Жанаеваның кездесуінде өңірдегі білім саласының өзекті мәселелері мен болашақ жоспарлар кеңінен талқыланды.
Облыс әкімі мұғалім мамандығын даярлау мемлекет үшін аса жауапты міндет екенін атап өтті:
«Мұғалім даярлау – үлкен жауапкершілік. Мектепке баратын әр маманның білімі мен біліктілігі ертеңгі ұрпақтың сапалы білім алуына әсер етеді. Сондықтан педагогикалық білім беруді дамытуға, оқу үдерісін жетілдіруге және білікті кадрлар даярлауға бағытталған бастамаларды қолдаймыз. Жергілікті әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетін болады», – деді Берік Уәли.
Өз кезегінде Шағангүл Жанаева колледждің бүгінгі жұмысы мен алдағы жоспарларын жеткізіп, алдағы жылы ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің туғанына 130 жыл толуына орай өтетін мерейтойлық іс-шараларға қатысты тың ұсыныстарын ортаға салды. Аймақ басшысы бұл бастамалардың назарға алынып, жұмыс жоспарына енгізілетінін жеткізді.



