Басты жаңалық

Бейбіт атом: қауіпсіздік, тәжірибе және келешегі

Біздің республика ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі көпжылдық тәжірибеге сүйене отырып, атом өнеркәсібін дамытудың жаңа кезеңіне қадам басуда. Бұл туралы ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Гумар Серғазинмен болған сұхбатымызда.

_Суретті Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі ұсынды_

– Гумар Екпінович, атомды бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі бағыттары қандай?

– 2026 жылғы сәуірде Қазақстан Президентінің Жарлығымен 2050 жылға дейінгі атом саласын дамыту стратегиясы бекітілді. Бұл – осы саладағы мемлекеттік саясаттың мақсаттарын, тәсілдерін және басым бағыттарын айқындайтын ұзақ мерзімді бағдарламалық құжат. Стратегия жаһандық үрдістер мен ішкі міндеттерді ескере отырып әзірленді және ұлттық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, орнықты экономикалық өсімге, жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға және халықаралық климаттық міндеттемелерді орындауға бағытталған. Құжатта атом энергетикасын, атом өнеркәсібін, ядролық ғылым мен технологияларды, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жүйесін, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті, өндірісті оқшаулауды және кадрлар даярлауды кешенді дамыту көзделген.

Біз Стратегияны энергетиканы, өнеркәсіпті, ғылымды, білім беруді және жоғары технологиялық өндірісті біріктіретін заманауи ұлттық ядролық кластерді қалыптастырудың негізі ретінде қарастырамыз.

– Сіздің ойыңызша, бүгінде атом саласын дамытудағы басты басымдық не болып отыр?

– Сөзсіз басымдық – ядролық және радиациялық қауіпсіздік. Мемлекеттік реттеу жүйесі қауіпсіздік қызметтің барлық кезеңінде – атом энергетикалық немесе өнеркәсіптік нысандарды жобалау мен салудан бастап, оларды пайдалануға және кейіннен пайдаланудан шығаруға дейін қамтамасыз етілетіндей етіп құрылған.

Бұл жүйенің негізінде үш басты тетік жатыр: қауіпсіздікке қойылатын міндетті талаптарды белгілеу, лицензиялау және мемлекеттік бақылау мен қадағалау.

Ең алдымен мемлекет ядролық және радиациялық қауіпсіздіктің міндетті нормалары мен талаптарын белгілейді. Олар ядролық қондырғыларды қауіпсіз жобалау, салу және пайдалану, ядролық материалдармен, радиоактивті заттармен, иондаушы сәулелену көздерімен және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу шарттарын айқындайды.

Келесі маңызды элемент – атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті лицензиялау. Тиісті қызмет басталғанға дейін реттеуші орган ұйымның белгіленген қауіпсіздік талаптарын орындауға қабілеттілігін бағалайды. Білікті персоналдың, қажетті жабдықтың, бақылау жүйелерінің, ұйымдастырушылық және техникалық қауіпсіздік шараларының бар-жоғы қаралады.

Лицензия алу мемлекеттік бақылаудың тоқтатылғанын білдірмейді. Пайдалану барысында, мысалы, атом генерациясы нысанында тексерулер және заңнамада көзделген бақылаудың басқа да нысандары жүргізіледі, белгіленген нормалар мен лицензия шарттарының сақталуы, радиациялық қауіпсіздік жағдайы, ядролық және радиоактивті материалдармен жұмыс істеу жөніндегі талаптардың орындалуы және персонал мен халықты қорғау бағаланады.

Апаттардың алдын алуға және ықтимал қатерлерге жедел ден қоюға дайындыққа ерекше көңіл бөлінеді. Ядролық қондырғылар үшін бірнеше дәйекті техникалық және ұйымдастырушылық қауіпсіздік шараларын көздейтін терең эшелондалған қорғаныс қағидаты қолданылады.

– Қазақстан Семей сынақ полигоны жабылғаннан кейін бірегей тәжірибе жинақтады…

– 1991 жылғы 29 тамызда республика Президентінің Жарлығымен полигон ресми түрде жабылды. 1992 жылы Курчатовта Ұлттық ядролық орталық құрылды, оның негізгі міндеттері сынақ инфрақұрылымын жою, аумақтың радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бұрынғы әскери-өнеркәсіптік кешенді бейбіт ғылыми салаға көшіру болды. 14 жыл ішінде Ұлттық ядролық орталықтың мамандары әлемдік тәжірибеде алғаш рет полигонның бүкіл аумағына кешенді радиоэкологиялық зерттеу жүргізді. Миллиондаған радиометриялық өлшеулер жүргізіліп, топырақ, су және ауаның ондаған мың сынамасы алынып, талданды.

Нәтижесінде бұрынғы полигон аумағы екі негізгі санатқа бөлінді. Біріншісі – полигон аумағының 54,5 пайызын құрайтын қауіпсіз жерлер. Мұндағы радиациялық көрсеткіштер қалыпты шекте және бұл учаскелерді запастағы жерлер қатарынан шығарып, кезең-кезеңімен шаруашылық айналымға қайтару ұсынылды. Екінші санатқа радиациялық қауіпті жерлер, яғни аумақтың 45,5 пайызы кіреді. Мұнда әлі күнге дейін жергілікті ластанған учаскелер бар, сондықтан оларда мемлекеттік бақылаудың ерекше режимі қажет. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «Дегелен» алаңында 181 сынақ штольнясы толығымен жойылып, сенімді түрде консервацияланды. «Балапан» алаңында 13 ұңғыма маңындағы құрылыс жойылды. Бұл нысандарға рұқсатсыз кіруді болдырмау үшін қатаң режимдік бақылау қамтамасыз етілген. Өз кезегінде, бұл радиациялық қауіпті жерлер 2023 жылы арнайы қабылданған заңға сәйкес шаруашылық қызметті болдырмайтын ерекше құқықтық режимі бар Семей ядролық қауіпсіздік аймағы ретінде оқшауланды.

Ал бұрынғы полигонның қауіпсіз учаскелеріне келетін болсақ, 2026 жылғы 11 сәуірдегі № 258 Үкімет қаулысына сәйкес олар ауыл шаруашылығы және шаруашылық айналымға тарту үшін Абай облысы, Павлодар және Қарағанды облыстарының әкімдіктеріне беріледі.

– Енді физик-ядерщиктер қаласы Курчатовқа толығырақ тоқтала кетсек. Бүгінде ол Қазақстанның атом ғылымын дамытуда қандай рөл атқарып отыр?*

– Курчатов – Қазақстанда атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы негізгі ғылыми орталықтардың бірі. Ұлттық ядролық орталық базасында ядролық физика, реакторлық технологиялар, материалтану, ядролық және радиациялық қауіпсіздік, радиоэкология және термоядролық зерттеулер саласында жұмыс жүргізуге мүмкіндік беретін бірегей зерттеу және тәжірибелік инфрақұрылым сақталып, еселеп арттырылды.

Бекер емес, 2025 жылғы 24 желтоқсанда бекітілген республика Үкіметінің 2026-2035 жылдарға арналған ғылымды көп қажет ететін аумақтарды құру және дамыту тұжырымдамасына сәйкес Курчатовта алғашқы ғылым қалашығын құру жоспарланған.

Ядролық орталықтың негізгі ғылыми-зерттеу қондырғыларының бірі – ИГР және ИВГ.1М реакторлары. Олардың негізгі мақсаты – ғылыми эксперименттер мен зерттеулер жүргізу, құрылымдық материалдарды сынау, реакторлық қондырғылардың әртүрлі жұмыс режимдерін зерделеу және ядролық технологияларды дамыту мен қауіпсіздігін арттыру үшін қажетті тәжірибелік деректерді алу. ИГР-де АЭС-ке арналған отынның және жоғары жылу және радиациялық жүктемелер кезіндегі құрылымдық материалдардың жылдам өтетін процестері мен тәртібі зерттеледі. ИВГ.1М жоғары температуралы газбен салқындатылатын реакторлар саласындағы зерттеулерде, сондай-ақ олардың әртүрлі режимдердегі тәртібін зерттеуде қолданылады.

Сондықтан Курчатов қаласының Қазақстанның атом ғылымының жүйе құраушы орталықтарының бірі болуға барлық алғышарттары бар. Мұнда ғылыми мектептер қалыптасқан, бірегей, жоғарыда атап өткенімдей, тәжірибе базасы бар, көпжылдық тәжірибесі бар мамандар жұмыс істейді.

Бұл инфрақұрылымның тек ағымдағы міндеттерді ғана емес, болашаққа да жұмыс істеуі маңызды – жас ғалымдар мен инженерлерді тарту, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту, толық циклден өтуге жағдай жасау: іргелі зерттеулер мен эксперименттерден бастап технологияларды әзірлеуге және оларды тәжірибеде қолдануға дейін.

— Ал жалпы Қазақстанның атом энергетикасы мен атом өнеркәсібі туралы айтатын болсақ, олар қандай кезеңде тұр, олардың дамуы немен сипатталады?*

– Естеріңізге сала кетейін, Қазақстан атом энергетикасын тек электр энергиясының көзі ретінде ғана емес, сонымен қатар өнеркәсіптік, ғылыми-технологиялық және кадрлық дамудың маңызды бағыты ретінде қарастырады. Сондықтан АЭС салуды жоғары технологиялық ілеспе өндірістерді одан әрі құру жолындағы қадам ретінде де қарастырған жөн.

2024 жылдың соңында Алматы облысының Жамбыл ауданы «Балқаш» АЭС-ін орналастыру ауданы ретінде айқындалды, 2025 жылғы тамызда оңтайлы алаңды таңдау бойынша іздестіру жұмыстары басталды. 2026 жылғы мамырда атом энергетикалық жобасын жүзеге асыру үшін қажетті үкіметаралық шарттық-құқықтық және қаржылық негіз қалыптастырылды. Қуаты шамамен 2 400 МВт болатын III+ буынды екі энергоблок салу көзделіп отыр.

Қазіргі кезеңде негізгі назар АЭС-ке қатысты тәжірибелік аспектілерге: қажетті ядролық инфрақұрылымды дамытуға, кадрлар даярлауға, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, отандық өнеркәсіпті дамытуға және ұлттық ғылыми-техникалық құзыреттерді қалыптастыруға аударылып отыр. Бұл ретте атап өтемін: Қазақстанның жоспарлары бір ғана атом станциясымен шектелмейді. 2050 жылға дейінгі атом саласын дамыту стратегиясында атом генерациясының жаңа қуаттарын кезең-кезеңімен арттыру көзделген. Осылайша, толыққанды ұлттық атом саласы мен ядролық кластерді дәйекті түрде қалыптастыру туралы сөз болып отыр.

*– Бұл міндетті шешу көп жағдайда атом саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға да байланысты. Сіздің ойыңызша, ол қалай қалыптасып келеді?*

– Қазақстан Халықаралық атом энергиясы агенттігі – МАГАТЭ-мен, сондай-ақ шет мемлекеттермен, ғылыми ұйымдармен және компаниялармен ядролық және радиациялық қауіпсіздік, кадрлар даярлау, ғылыми зерттеулер және атом энергетикасын дамыту мәселелері бойынша тығыз өзара іс-қимыл жасайды.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Астанада МАГАТЭ-нің үш семинары ұйымдастырылып, өткізілді. МАГАТЭ Бас директоры Рафаэль Гроссидің сапары өтті, оның қорытындысы бойынша Қазақстанның агенттікпен ынтымақтастығының Жол картасына қол қойылды.

Біздің елдің Жапониямен де көпжылдық ынтымақтастық тәжірибесі бар. Жапондық ұйымдар ғылыми-техникалық саладағы Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығымен және Ядролық физика институтымен өзара іс-қимыл жасайды, ал жапондық компаниялар «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-мен уран саласындағы бірлескен жобаларға қатысады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы желтоқсанда Жапонияға сапары аясында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, ғылыми зерттеулер және технологиялық даму саласындағы іскерлік өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған құжаттар пакетіне қол қойылды.

Ұлттық ядролық-энергетикалық бағдарлама кеңейген сайын Қазақстан халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, ең алдымен ядролық қауіпсіздік, ғылыми зерттеулер және мамандар даярлау саласындағы озық технологиялар мен тәжірибені тартуға мүдделі.

Біздің мемлекеттің басты міндеті – қауіпсіздік талаптары нақты белгіленген, қызметке рұқсат дайындықты бағалағаннан кейін ғана жүзеге асырылатын, ал талаптардың сақталуы тұрақты мемлекеттік бақылауда болатын жүйені қалыптастыру. Мұндай жүйелі тәсіл Қазақстанда бейбіт атомды дәйекті дамытуға және ұлттық ядролық кластерді қалыптастыруға негіз жасайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button