Ақсуатта сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Ақсуатта сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың жаңа қағидалары талқыланды 026 жылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында заңнамаға енгізілген өзгерістер мен жаңа талаптар Ақсуат ауданында өткен семинарда талқыланды.
Іс-шараға мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың мамандары және жеке сектор өкілдері қатысты. Семинар барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ерте анықтау, мүдделер қақтығысын реттеу, мемлекеттік аппараттың ашықтығын қамтамасыз ету және қызметтік әдеп нормаларын сақтау мәселелері кеңінен қарастырылды.
Жиында сөз сөйлеген Жадыра Серікбекқызы 2026 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамаға енгізілген негізгі өзгерістерге тоқталып, олардың маңызын түсіндірді.
Оның айтуынша, биылғы заңнамалық түзетулердің басты ерекшелігі – құқық бұзушылық орын алғаннан кейін жауапкершілікке тартумен шектелмей, оның алдын алуға, ықтимал тәуекелдерді дер кезінде анықтауға және қызметтік міндеттерді орындау кезінде адалдық қағидаттарын сақтауға басымдық беру.
Семинарда байланысты тұлғалар шеңберінің кеңеюі, жақын туыстар мен өзге де байланысты адамдардың тікелей бағыныстылықта бірге қызмет істеуіне қойылатын шектеулер, жеке мүддені айқындау және мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда хабарлау тәртібі түсіндірілді.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру, басшылардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі міндеттері, комплаенс-қызметтердің тәуелсіздігін қамтамасыз ету және заңсыз сыйақы алу мен беруге қатысты жауапкершілік мәселелері қозғалды.
Бұдан бөлек, кадрлық процестерді цифрландыру, цифрлық жүйелер арқылы байланысты тұлғаларды анықтау және кадрлық шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету тетіктеріне назар аударылды.
Жадыра Серікбекқызы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тек уәкілетті органдардың міндеті емес екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл – мемлекеттік қызметшілер мен әрбір ұйым қызметкерінің ортақ жауапкершілігі. Қызметтік шешімдер қабылдау кезінде заңдылықты, әділдікті, ашықтықты және адалдықты басшылыққа алу маңызды.
Семинар соңында қатысушылар күнделікті қызмет барысында кездесуі мүмкін түрлі жағдайларды талқылап, сұрақтарына жауап алды.


