Баланың тілі неге кеш шығады?

Соңғы кезде балалар арасында тілдің кеш шығуы, сөйлеу қабілетінің бұзылуы жиі байқалады. Осы мәселе жөнінде семейлік логопед-дефектолог Айгерім Мәжитова пікір білдірді.

Маман 2–3 жастан бастап жасөспірім кезеңге дейінгі балалармен жұмыс істейді. Оның айтуынша, ерте көмек көрсету өте маңызды.
«Уақтылы көрсетілген көмек баланың болашағын өзгерте алады. Сөйлеудің қалыптасуы, алғашқы саналы сөздер бұл тек отбасы үшін ғана емес, маман үшін де үлкен қуаныш», – дейді Айгерім.
Қазір көбіне тілдің кеш шығуы, дыбыс айтудағы қиындықтар және зейіннің төмендігі кездеседі. Диагностика барысында баланың сөйлеуді түсінуі, сөздік қоры, дыбысты дұрыс айтуы, зейіні мен есте сақтау қабілеті тексеріледі. Содан кейін ғана жеке жұмыс жоспары жасалады.
«Әр бала – жеке тұлға. Сондықтан сабақ та оның ерекшелігіне қарай жоспарланады», – дейді маман.
Айгерім Мәжитова ата-аналарға баламен көбірек сөйлесуге кеңес береді.
«Мультфильм қарау өзара диалогтың орнын баса алмайды. Сөйлеу тек қарым-қатынас барысында дамиды», – деп атап өтті.
Логопедтің айтуынша, егер бала 2 жасқа дейін сөйлемесе немесе 3 жасқа дейін сөйлем құрай алмаса, міндетті түрде маманға жүгінген дұрыс. Ерте анықталған мәселені шешу оңай, дейді ол.



