Денсаулық

Дәрі-дәрмек алу жеңілдейді

Қазақстанда дәрілік заттардың айналымын цифрлық бақылау жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде. 2026 жылдан бастап препаратты мемлекеттік тіркеуден бастап, оны нақты пациентке дейін жеткізуге дейінгі барлық үдеріс бірыңғай цифрлық контурға біріктірілді.

Жаңа жүйе дәрі-дәрмекке қажеттілікті бұрынғыдан да нақты жоспарлауға мүмкіндік береді. Амбулаториялық деңгейде дәрілік заттарды жекелендіріп жоспарлау нәтижесінде 2026 жылға 1,9 млн пациент бойынша, ал 2027 жылға 2,16 млн пациент бойынша қажеттілік қалыптастырылды.

Бұл тәсіл әр пациентке қандай препараттың және қандай көлемде қажет екенін нақты анықтауға жол ашады. Соның нәтижесінде дәрі-дәрмектерді сатып алу нақты қажеттілікке негізделіп, артық шығындардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Пациент үшін басты өзгеріс – тегін дәрі-дәрмекті атаулы әрі уақтылы алу мүмкіндігі.Ал денсаулық сақтау жүйесі үшін цифрландыру қаржының тиімді жұмсалуын және дәрілік заттардың бүкіл айналымын бақылауды қамтамасыз етеді.

Бүгінде дәрілік заттарды таңбалау жүйесіне 1,01 млрд қаптама енгізілген. Цифрлық тізбек препараттың өндірушіден дәріханаға, одан әрі нақты пациентке дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, дәрі-дәрмекті «Әлеуметтік әмиян» арқылы беру кезінде препараттың түпнұсқалығы да тексеріледі.

Цифрландырудың тағы бір нәтижесі – дәрілік заттар нарығының ашықтығының артуы. Жүйені енгізу нәтижесінде бюджетке қосымша 23,9 млрд теңге салық түсімі түскен.

2026 жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету аясында 1,9 млн пациентке 8,6 млн-нан астам электрондық рецептжазылды. Қазіргі таңда дәрі-дәрмек берудің 82%-ы «Әлеуметтік әмиян» арқылы жүзеге асырылады.

Осылайша, Қазақстанда дәрілік заттарды жай ғана электрондық есепке алу емес, препаратты өндіру мен тіркеуден бастап, сатып алу, жеткізу, дәріханада босату және нақты пациенттің алуына дейінгі барлық кезеңді қамтитын бірыңғай цифрлық бақылау жүйесі қалыптасып келеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button