Әлеумет

Мемлекет пәтер жалдау ақысының 50 пайызын өтейді

Қазақстанда тұрғын үй саясаты аясында азаматтарды қолдау шаралары жалғасып жатыр. Биыл да мемлекет пәтер жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау бағдарламасын жалғастырады.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялау тетігі биыл да сол көлемде жүзеге асатынын мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, өткен жылдың мамыр айында заңнамаға өзгерістер енгізіліп, тұрғын үйді есепке алу және бөлу функциялары әкімдіктерден «Отбасы банкке» берілген. Бұл тұрғын үй саясатын жүйелі түрде іске асырып, азаматтардың баспана жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Өткен жылы елімізде шамамен 8 мың жалдамалы тұрғын үй беріліп, 11 мыңнан астам азамат жеңілдетілген ипотекалық несие алған. Сонымен қатар заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұрын «сатып алу құқығы жоқ» жалдамалы тұрғын үйлерді жекешелендіруге рұқсат берілді. Нәтижесінде 15 мыңнан астам азамат өз пәтерін жеке меншігіне рәсімдеген.

Бұдан бөлек, тұрғын үй жалдау ақысын субсидиялау тетігі арқылы 11 мыңнан астам азамат мемлекеттік қолдау алған. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 7,6 миллиард теңге бөлінген.

Бағдарлама аясында мемлекет пәтер жалдау ақысының 50 пайызын өтейді. Мәселен, егер тұрғын үйді айына 300 мың теңгеге жалға алсаңыз, оның 150 мың теңгесін мемлекет төлейді. Бұл көмек ең алдымен баспанаға шын мұқтаж азаматтарға көрсетіледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button