Мүгедектігі барларға қолдау күшейді

Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтарды қолдауға бөлінетін қаржы көлемі артып келеді. Биыл бұл бағытқа 1,1 трлн теңге қарастырылып, әлеуметтік қолдау шаралары кеңейтілді. Үкімет отырысында бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бүгінде елде шамамен 752 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Бұл – жалпы халық санының 3,7%-ы. Олардың 56%-ы еңбекке қабілетті жаста болса, 29%-ы зейнеткерлер, ал 15%-ы балалар.
2026 жылы мүгедектігі бар азаматтарды қолдауға мемлекеттік бюджет пен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен жалпы 1,1 трлн теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Мәселен, 2025 жылы бұл сома 1 трлн теңгені құраған.
Қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік төлемдерге бағытталады. Атап айтқанда, мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға 571,1 млрд теңге, ал мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға күтім бойынша жәрдемақыларға 124,1 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар бірінші топтағы ересек мүгедектігі бар азаматтарға күтім үшін 56,7 млрд теңге бөлінеді.
Бұдан бөлек, арнаулы әлеуметтік қызметтерге 190 млрд теңге, техникалық құралдар мен оңалту қызметтеріне 80,7 млрд теңге, оңалту орталықтарын дамыту мен ғылыми бағыттарға 17 млрд теңге қарастырылған. Ал арнайы мемлекеттік жәрдемақыларға 4,7 млрд теңге бағытталады.
Үкімет деңгейінде инклюзивті саясатты дамыту мәселесі де ерекше назарда. Премьер-министр Олжас Бектенов төрағалық еткен отырыста мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты қолдау көрсету шаралары талқыланды.
Сонымен қатар министр мүгедектігі бар азаматтардың тек 30%-ы ғана жұмыспен қамтылғанын атап өтті. Бұл бағытта алдағы уақытта еңбекке тарту және әлеуметтік бейімдеу шараларын күшейту жоспарланып отыр.
Жалпы, қабылданып жатқан шаралар мүгедектігі бар азаматтардың өмір сапасын арттырып, қоғамға толыққанды араласуына жағдай жасауға бағытталған.



