Абай топырағынан түлеген талант

Абай өңірінің тумасы Бексұлтан Еребек – өнер мен білімді қатар алып жүрген жас буынның жарқын өкілі. Бүгінде ол театр сахнасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып келе жатқан жас актер ретінде танылып келеді.
Ауылда өсіп, ата-әже тәрбиесін көрген Бексұлтан еңбекқорлық пен жауапкершілікті ерте сезінді. Алғашында спорт пен музыкаға қызығушылық танытқан ол кейін домбыра өнеріне бет бұрып, Жәнібек Кәрменов атындағы музыка мектебінде білім алды. Күй өнерін терең меңгеріп, республикалық және халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болды.

Білім жолында да белсенділік танытқан жас талап «Жас Абай» мектебінің грантын жеңіп алып, оқуын жалғастырды. Қазіргі таңда Шәкәрім университеті-інде білім алып жүр. Университет қабырғасында жүріп, «Қарагөз» жастар театрының құрамына қосылып, шығармашылық ортада шыңдалып келеді.
Жас актердің айтуынша, сахна – адам жанының тереңін ашатын кеңістік. Бүгінде ол түрлі образдарды сомдап, көрермен ықыласына ие болып жүр.

Студенттік жылдары «Студент және сахна» IV республикалық фестивалінде «Ең үздік ер адам бейнесі» аталымын жеңіп алып, «Mr. Shakarim – 2025» байқауында топ жарды.

Сонымен қатар, Бексұлтан спорт пен әдебиетке де жақын. Қазақ күресі мен дзюдо бойынша жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, Абай және Мұқағали оқуларында да жоғары нәтиже көрсеткен.
Қазіргі уақытта ол «Mugalim Semey» жобасының стипендианты. Оның пікірінше, өнер – халықтың рухани жадын сақтайтын маңызды құндылық.
Жалпы, Бексұлтан Еребек – ізденіс пен еңбекті серік еткен, болашағынан үміт күттіретін жас талант.



