Жастар саясаты тәжірибесіндегі жас көшбасшы

Абай облысында жастар бастамаларын жүйелі дамытуға үлес қосып жүрген жаңа буын өкілдерінің бірі – Нұрасыл Елубаев Қапанұлы.Ол Шәкәрім университетінің 2024–2025 жылдардағы Студенттік парламент спикері, Абай облысы әкімінің «Жылдың жас көшбасшысы» атағының иегері және “Семей қаласының студенттік құрылыс жастар еңбек жасақтарының штабы” қоғамдық бірлестігінің басшысы.

Оның көшбасшылық жолы мектеп қабырғасынан басталды. Оқушы кезінде мектеп парламентін басқару жауапкершілік пен ұйымдастырушылық қабілетті ерте қалыптастырды. Бұл тәжірибе кейін студенттік ортада ауқымды бастамаларды жүзеге асыруға негіз болды.

Университет қабырғасында Нұрасыл жастардың рухани, мәдени және қоғамдық дамуына бағытталған жобаларға белсенді атсалысты. Оқырмандар клубының жұмысына қолдау көрсетіп, кітап оқу мәдениетін насихаттауға үлес қосты. Qazaq Style Day бастамасы арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған шаралардың жүзеге асуына ықпал етті. Түрлі мәдени және зияткерлік іс-шараларды ұйымдастыруға қатысып, студенттік өмірдің мазмұнын байыта түсті.
Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы кезінде еріктілердің координаторы қызметін атқаруы – оның ұйымдастырушылық тәжірибесінің айқын көрінісі. Бұл кезеңде жастар ортақ мақсатқа жұмылдырылып, өңірдегі ірі мәдени іс-шаралар жүйелі әрі жоғары деңгейде өтті.

Жас көшбасшы өз ұстанымын ерекше жауапкершілікпен айқындайды:
«Мен үшін көшбасшылық – биік мінбер емес, күн сайын атқарылатын жауапкершілік. Жастарға мүмкіндік берілсе, олар өз ортасын ғана емес, тұтас өңірдің болашағын өзгерте алады. Бүгінгі жас ұрпақ – елдің ертеңгі тірегі. Сондықтан әр бастама жастардың әлеуетін ашуға бағытталуы тиіс. Менің мақсатым – туған Абай облысында белсенді, саналы әрі елге жанашыр жастардың көбеюіне жол ашу», – дейді Нұрасыл Қапанұлы.
Оның бастамалары арқылы жастардың қоғамдық белсенділігі артып, волонтерлік қозғалыс жүйеленіп, ұлттық-рухани бағыттағы жұмыстар жандана түсті. Бұл – өңірдегі жастар саясатына жаңа серпін берген нақты нәтижелердің бірі.

Бүгінде Нұрасыл Қапанұлы жинаған тәжірибесін туған өңірінің дамуына бағыттауды басты мақсаты санайды. Оның сенімі айқын: жастарға жол ашылса – өңір де алға басады.



