Семейліктер арзан шай ішеді екен

Қазақстанда шай бағасы өсіп келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2026 жылдың наурыз айында қара шайдың орташа бағасы килограмына 5 846 теңгені құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,9%-ға жоғары.
Орта есеппен қазақстандықтар 250 грамм шайды 1 462 теңгеге сатып алады. Бір адам айына шамамен 100 грамм шай тұтынады.
Баға өңірлерге қарай әртүрлі. Ең арзан шай Семейде тіркелді — 5 300 теңге/кг. Ал ең қымбат шай Шымкентте сатылған — 6 747 теңге/кг. Сондай-ақ жоғары баға Атырау (6 338 теңге), Қарағанды (6 216 теңге) және Қызылордада (6 069 теңге) байқалды. Басқа қалаларда шай бағасы 5 400–5 900 теңге аралығында.
Қазақстан шайды негізінен сырттан импорттайды. Нарықтағы өнімнің шамамен 40%-ы Кениядан жеткізіледі. Сонымен қатар Үндістан мен Қытай да негізгі жеткізушілер қатарында.
Сарапшылардың айтуынша, импортқа тәуелділік пен логистикалық шығындар бағаның өсуіне әсер етуде.



