Қазақстандықтар ел ішінде 659 млрд шашты

Ұлттық статистика бюросы 2025 жылғы туристік шығындар туралы мәлімет жариялады. Былтыр туристік сапарға шыққан қазақстандықтар саны 11,7 млн адамға жеткен.
Оның ішінде 10,2 млн адам ел ішінде саяхаттаса, 1,5 млн азамат шетелге барған. Яғни сапарлардың басым бөлігі 87,2% ішкі туризмге тиесілі.

Сапарлардың 94,1%-ы жеке мақсатта жасалған. Ал іскерлік сапарлар үлесі небәрі 5,9% болды.
Ең көп турист қабылдаған өңірлер қатарында Астана, Түркістан облысы, Алматы қаласы, сондай-ақ Алматы және Қарағанды облыстары бар.
Көлік таңдауда ел ішінде жүргендер көбіне жеке автокөлік (36,1%) пен пойызды (26,4%) пайдаланған. Ал шетелге шығушылардың басым бөлігі ұшақты (55,7%) таңдаған.
Жалпы, 2025 жылы туристердің шығыны 1,1 трлн теңгеден асқан. Оның ішінде ел ішіндегі сапарларға жұмсалған қаржы көлемі 659,2 млрд теңгені құрап отыр.



