Алқаптағы жаңа тренд қандай?

Абай облысында көктемгі егіс науқаны басталды. Биылғы маусымның басты ерекшелігі — егіс алқаптарының құрылымы қайта қаралып, майлы дақылдарға басымдық берілді.
Өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 789,3 мың гектарды құрайды. Оның ішінде дәнді және бұршақ дақылдары 299,2 мың гектарға, майлы дақылдар 340,3 мың гектарға, жем-шөп 138 мың гектарға орналастырылады. Картоп пен көкөніс-бақша дақылдарының көлемі де жоспарлы деңгейде сақталған.
Мамандардың айтуынша, мұндай өзгеріс аграрлық саланың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Әсіресе майлы дақылдар соңғы жылдары табысты бағыттардың біріне айналып отыр. Сондықтан олардың көлемін кемінде өткен жылдың деңгейінде сақтау көзделген.
Сонымен қатар жүгері егіс алқаптарын ұлғайту жоспарланған. Бұл мал азығы базасын күшейтіп, ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, биылғы егіс науқаны тек көлемімен емес, сапалық өзгерістерімен де ерекшеленеді. Әртараптандыру саясаты өңірдің аграрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған.



