Басты жаңалық

Алакөлдегі бизнеске қолдау

Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Алакөл көлінің жағалауында кәсіпкерлік қызметті жүргізуге қолайлы жағдай қалыптастыру бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда. Белсенді туристік маусым қарсаңында бизнес өкілдеріне ақпараттық және консультациялық қолдау көрсету мақсатында көшпелі кездесу ұйымдастырылды.

Іс-шараға Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Азамат Мұсабеков, камералдық мониторинг басқармасының басшысы Еркежан Буркутова және Мақаншы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндіру және кәсіпкерлерге практикалық көмек көрсету. Мемлекеттік кірістер органдарының өкілдері салық заңнамасындағы өзгерістер, салықтық әкімшілендірудің жаңа тетіктері, арнайы салық режимдерін қолдану тәртібі, бақылау-касса машиналары мен POS-терминалдарды пайдалану талаптары жөнінде жан-жақты ақпарат берді.

Сонымен қатар кәсіпкерлерге салық міндеттемелерін орындау тәртібі, жалдамалы қызметкерлерді заң талаптарына сәйкес рәсімдеу, кассалық тәртіпті сақтау, кәсіпкерлік қызметті ашық әрі тиімді жүргізудің артықшылықтары түсіндірілді. Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, жаңа Салық кодексін қолдану ерекшеліктері бойынша практикалық ұсынымдармен танысты.

Мамандардың айтуынша, мұндай ашық форматтағы кездесулер кәсіпкерлердің салықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, заң талаптарын дұрыс орындауға, бизнесті дамыту кезінде туындауы мүмкін тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мемлекет пен бизнес арасындағы өзара сенімнің нығаюына ықпал етеді.

Бүгінде Алакөл жағалауында 329 салық төлеуші кәсіпкерлік қызметпен айналысады. Өңірде деректерді тіркеу және беру функциясы бар 347 бақылау-касса машинасы мен 136 POS-терминал тіркелген.

Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің жүйелі жұмысының нәтижесінде заңды кәсіпкерлікті дамыту бағытында оң көрсеткіштер қалыптасып отыр. 2025 жылы жүргізілген түсіндіру және бақылау шараларының қорытындысында 74 азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелсе, 91 жалдамалы қызметкер ресми түрде рәсімделді. Сондай-ақ кәсіпкерлердің табысы шамамен 2,4 млрд теңгеге артқан.

Сонымен бірге салық заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін 348 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті алдағы уақытта да Алакөл жағалауында бақылау іс-шараларын ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен ұштастыра отырып, жүйелі қызметін жалғастырады. Негізгі мақсат – ашық әрі қолайлы бизнес-ортаны қалыптастыру, кәсіпкерлердің салықтық сауаттылығын арттыру, кәсіпкерлік қызметті заңдастыру және бюджетке түсетін түсімдердің толықтығын қамтамасыз ету.

Бұл шаралар өңірдің туристік әлеуетін дамытуға, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және облыс экономикасының тұрақты өсуіне негіз болмақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button