Абай облысында цифрландыру және байланыс инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен цифрландыру және байланыс инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне арналған кеңейтілген жиын өтті. Басқосуда өңірдегі елді мекендерді сапалы интернетпен қамту, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойындағы байланыс инфрақұрылымын дамыту, Алакөл жағалауындағы мобильді байланыс сапасын арттыру, жасанды интеллект технологияларын мемлекеттік басқару мен қоғамдық қауіпсіздік саласына енгізу, сондай-ақ цифрлық білім беру бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалардың орындалу барысы жан-жақты талқыланды.
Жиынға облыстық басқармалар мен мемлекеттік органдардың басшылары, аудан және қала әкімдіктерінің өкілдері қатысты. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыстың цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлы баяндама жасап, өңірде цифрландыру бағытында қолға алынған жобалар мен олардың іске асырылу барысы туралы кеңінен мәлімет берді.
Баяндамада айтылғандай, бүгінде Абай облысында 326 елді мекен бар, оның 322-сі ауылдық елді мекен. Соңғы жылдары ауыл тұрғындарын сапалы интернетпен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта 260 ауыл сымды және мобильді интернетке қосылған. Бұл көрсеткіш тұрғындардың мемлекеттік қызметтерді онлайн алуына, білім беру, денсаулық сақтау және кәсіпкерлік салаларындағы цифрлық мүмкіндіктерді кеңінен пайдалануына жол ашып отыр.
Өңірдегі цифрлық инфрақұрылымды дамыту мақсатында «Қазақтелеком» АҚ-мен жасалған инвестициялық келісім аясында ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Аталған жоба бойынша облыстағы 178 ауыл талшықты-оптикалық және спутниктік байланыс желісімен қамтылады. Жоспарға сәйкес, өңір бойынша жалпы ұзындығы 2 352,1 шақырым болатын талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады. Бұл өз кезегінде интернеттің жылдамдығы мен сапасын арттырып қана қоймай, цифрлық қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін 86 ауыл жаңа байланыс желісіне қосылады. Нәтижесінде мыңдаған ауыл тұрғыны жоғары жылдамдықтағы интернетті пайдаланып, электронды мемлекеттік қызметтерді, қашықтан оқыту жүйелерін, телемедицина мүмкіндіктерін және басқа да заманауи цифрлық сервистерді кедергісіз қолдана алады.
Жиында сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының орындалу барысы қаралды. Ұлттық жоба аясында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 40 антенна-діңгек құрылымын салу жоспарланған. Бұл жұмыстар көлік жүргізушілері мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ шалғай жол учаскелерінде тұрақты мобильді байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда 36 жобалық-сметалық құжаттама бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Бұл нысандардың құрылысын бастауға толық мүмкіндік береді.
Кеңесте ерекше назар аударылған мәселелердің бірі – Алакөл туристік аймағындағы мобильді байланыс пен интернет сапасын жақсарту болды.
Жыл сайын мыңдаған турист қабылдайтын Алакөл жағалауында алғаш рет талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып, нәтижесінде 150-ден астам демалыс орны жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылды. Сонымен қатар жағалауда екі жаңа антенна-діңгек құрылымы салынып, байланыс операторларының заманауи базалық станциялары орнатылды.
Қазіргі уақытта Қабанбай ауылында да байланыс инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары жалғасуда. Жаңа нысандар пайдалануға берілгеннен кейін ауыл тұрғындары мен туристер үшін мобильді байланыс пен интернеттің сапасы едәуір жақсарады деп күтілуде.
Жиында қоғамдық қауіпсіздікті цифрландыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында облыстың аудан және қала орталықтарында «Қауіпсіз қала» жедел басқару орталықтарын құру жұмыстары басталды. Бұл орталықтар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге және қоғамдық тәртіпті тиімді бақылауға мүмкіндік береді.
Цифрландыру саласындағы ең маңызды жобалардың бірі – Алакөл жағалауына интеллектуалды бейнебақылау жүйесінің енгізілуі болды.
Биыл туристік аймақта 224 интеллектуалды бейнекамера орнатылды. Соның арқасында жағалаудағы жағдайды Семей қаласындағы жедел басқару орталығынан тәулік бойы бақылауға мүмкіндік жасалды.
Жергілікті мамандар әзірлеген және жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған бейнекамералар адамдар көп шоғырланатын орындарды, қоғамдық тәртіпті және қауіпсіз шомылу аймақтарын үздіксіз бақылап отырады. Сонымен қатар жүйе күмәнді әрекеттерді автоматты түрде анықтап, жоғалған адамдар мен заттарды санаулы минут ішінде іздеп табуға көмектеседі.
Интеллектуалды жүйе суық қаруды анықтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қауіпсіздікке қатер төндіретін өзге де жағдайларды автоматты түрде тіркеу мүмкіндігіне ие.
Биылғы демалыс маусымы басталғалы бері жаңа технологиялардың көмегімен 100-ден астам жоғалған бала ата-анасына аман-есен табысталды, сондай-ақ жоғалған ұялы телефондар, сөмкелер мен басқа да жеке заттар иелеріне қайтарылды.
Жасанды интеллект негізіндегі жүйе енгізілгеннен кейін туристік аймақта ұрлық-қарлық пен басқа да құқық бұзушылықтардың саны бірнеше есеге төмендеген.
Сонымен қатар жағалауда жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін ақылды дауыс зорайтқыштар жүйесііске қосылды. Ол демалушыларға қауіпсіздік талаптарын ескертіп, төтенше жағдайлардың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті сақтауға ықпал етеді.
Кеңесте цифрлық білім беру бағытындағы жобаларға да ерекше назар аударылды.
Бүгінде Семей қаласындағы Оқушылар сарайында «Tomorrow School» жобасы табысты жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында оқушылар заманауи цифрлық технологияларды меңгеріп, шығармашылық және инженерлік қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алуда.
Сонымен қатар өңірде 12–18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған халықаралық «TUMO» білім беру орталығын ашу мәселесі пысықталуда.
Аталған жоба іске асқан жағдайда өңір оқушылары жасанды интеллект, бағдарламалау, робототехника, анимация, графикалық дизайн, 3D-модельдеу, ойын әзірлеу және цифрлық шығармашылықтың өзге де бағыттарын халықаралық стандарттарға сай тегін меңгере алады.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Берік Уәли цифрландыру – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
Аймақ басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғанын еске салып, бұл шешім еліміздің технологиялық дамуына жаңа серпін беретінін айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаған болатын. Бұл шешім еліміздің ұзақ мерзімді даму стратегиясын жаңа технологиялар негізінде жүзеге асыру, цифрлық трансформацияны жеделдету және жасанды интеллектті кең көлемде енгізу мақсатында қабылданды. Біздің облыста бұл бағытта бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Абай облысының байланыс және интернет инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалар алдағы уақытта өз нәтижесін береді деп ойлаймыз. Сондықтан барлық жауапты мекемелер белгіленген жобалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуі қажет», – деді Берік Уәли.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне байланыс инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын жеделдетуді, интернет сапасын жақсарту жөніндегі жобаларды белгіленген мерзімде аяқтауды, цифрлық технологияларды мемлекеттік басқару мен қоғамдық қауіпсіздік саласына кеңінен енгізуді, сондай-ақ өңір тұрғындары үшін заманауи цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.



