Басты жаңалық

Білім мен өндіріс тоғысты

Семейде Мёрдок университетінің филиалы ашылады

Жер бедері мен климаты Қазақстанға ұқсас, бірақ аграрлық ғылым мен ет экспортында әлемдік көшбасшы саналатын Аустралияның білім жүйесі енді Семейде тамыр жаймақ. Кеше Абай облысының әкімі Берік Уәли Мёрдок университетінің ресми делегациясын қабылдап, өңірде аталған оқу орнының кампусын құру жайын егжей-тегжейлі талқылады. Жетінші континенттің жетекші зерттеу орталықтарының бірі саналатын Мёрдок университеті халықаралық QS рейтингінде топ-450 қатарына енеді. Әсіресе агроөнеркәсіп, ветеринария және тағам технологиясы бағыттарында бәсі жоғары білім ордасының Абай облысына қызығушылық танытуы тегін емес.

Кездесуге Мёрдок университетінің жаһандық байланыстар жөніндегі проректоры Саймон Джон МакКирди, Тамақ өнеркәсібін дамыту институтының басшысы Питер Мостин Дэвис, Дубай кампусының атқарушы директоры Мохамед Ба және Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков қатысты. Шетелдік меймандар Шәкәрім оқу ордасының ғылыми әлеуетімен танысып, жергілікті ғалымдардың ізденістері өздерінің зерттеу бағыттарымен дөп келетініне көз жеткізді. Осының нәтижесінде тараптар қос дипломды бағдарламалар енгізу, академиялық ұтқырлықты арттыру және бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде уағдаласты.

Өңір басшысы Берік Уәли Абай облысының ежелден мал шаруашылығына бейім аймақ екенін айта келе, бұл серіктестікті өндіріс пен білімді ұштастыратын маңызды қадам деп бағалады.

«Мёрдок университетімен серіктестік орнатуды білім, ғылым және өндірісті байланыстыратын стратегиялық маңызы бар мүмкіндік деп бағалаймыз. Осы мақсатта Шәкәрім университетінің базасында Мёрдок университетінің филиалын ашу бастамасын облыс әкімдігі толық қолдайды. Бұл халықаралық деңгейдегі мамандар даярлауға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және озық технологияларды өндіріске енгізуге кеңінен жол ашады. Кеңес үкіметі кезінде Семейде ірі ет комбинаты болған. Қазіргі таңда соны қайта жаңғыртып, Жаңасемей ауданында қуаттылығы жылына 11 400 тонна ет және ет өнімдерін терең өңдейтін ірі ет комбинатын салып жатырмыз. Мұндай жобаларды табысты іске асыру үшін заманауи технологиямен қатар, білікті мамандар, сапалы ғылыми зерттеулер мен халықаралық тәжірибе қажет», – деп атап өтті аймақ басшысы.

Сонымен қатар, облыс әкімдігі болашақта филиалдың жеке кампусы үшін Smart City ауданынан жер телімін бөлуге дайын екенін жеткізді.

Өз кезегінде Мёрдок университетінің өкілі Саймон Джон МакКирди екі елдің табиғи ұқсастығына тоқталып, Шәкәрім университетінің ғалымдарымен ортақ тіл тапқандарын қуанышпен атап өтті. Абай облысы делегациясының жақында Аустралияға жасаған сапары да бұл ынтымақтастықты нығайта түсті. Қазақстанның 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жоспары аясында Зеландия мен Аустралияның селекциялық әрі экспорттық тәжірибесін енгізу басты басымдыққа ие. Семейде бой көтеретін жаңа білім ошағы осы ауқымды міндеттерді жүзеге асырудың берік тірегі болмақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button