Семей – жүрегімдегі қала!

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласының күніне орай қалалық Мәдениет сарайында өткен «Семей – жүрегімдегі қала» атты концерттік бағдарламаны тамашалады.
Мерекелік кеште шаһардың терең тарихы мен бай рухани мұрасы, әр кезеңдегі мәдени өмірі сахналық қойылымдар арқылы көрініс тапты. Концерт өткен ғасырдың 60-70 жылдарындағы Семейдің тыныс-тіршілігін бейнелейтін көрініспен басталып, одан әрі қала тарихының айтулы кезеңдерімен сабақтасты.
Бағдарламада Абай мен Шәкәрім мұрасы, Алаш тарихы, Мұхтар Әуезов, Әміре Қашаубаев және Семей топырағымен тағдыры тоғысқан көрнекті тұлғалардың өнегелі жолы дәріптелді. Арнайы бейнероликтер арқылы Бейбітшілік аралы мен Алаш қаласының тарихы көрсетіліп, Семейдің ел тарихындағы орны баяндалды.
Кеш барысында қаланың «тұңғыштар мекені» ретіндегі тарихи ерекшелігі де көркем түрде ұсынылды. Ән мен күй, дәстүрлі және заманауи би қойылымдары арқылы көне Семейден бүгінгі жаңарған шаһарға дейінгі кезеңдер сабақтастырылды. Абай әндерінен попурри, халық әндері мен қазақ музыкасының белгілі туындылары орындалды.
Қала күніне арналған концертте Семей қалалық Мәдениет сарайының әншілері мен өнерпаздары және «Семейтау» фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.



