Семей қаласында 2026 жылдың қазан айынан бастап тұрғындарға маусымдық тұмауға қарсы вакцина салу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Семей қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Шыңғыс Чокушев мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмау ауа-тамшы жолдары арқылы таралады. Инфекция жөтелу, түшкіру және сөйлесу кезінде жұғуы мүмкін.
Қазақстанда жыл сайын ЖРВИ-дың 4–5 миллион жағдайы тіркеледі. Ал Семей қаласында 2025–2026 жылдардағы эпидемиологиялық маусымда ЖРВИ-дың 11 мыңнан астам жағдайы анықталып, тұмаудың зертханалық расталған 60-тан астам дерегі тіркелген.
Қалада халықтың осал топтарын иммундау үшін жергілікті бюджет қаражатына «Гриппол® плюс» вакцинасы сатып алынған. Оның құрамына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2026–2027 жылдардағы маусымға ұсынған тұмау вирусының штаммдары енгізілген.
Вакцинация бірінші кезекте медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балаларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері мен контингентіне, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша тиісті адамдарға жүргізіледі.
Мамандардың түсіндіруінше, тұмауға қарсы вакцина бір рет салынады. Екпеден кейін иммунитет шамамен 14 күн ішінде қалыптаса бастайды. Ол 6 айдан 1 жылға дейін сақталуы мүмкін. Вакцинация тұмаудың алдын алуға және аурудың асқыну қаупін төмендетуге көмектеседі.
Тұмау созылмалы аурулары бар адамдар үшін аса қауіпті. Әсіресе жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жолдары мен бүйрек ауруларына шалдыққан және қант диабетімен ауыратын адамдарда ауру ауыр өтуі мүмкін. Негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, бас пен бұлшық еттердің ауыруы, жөтел, мұрынның бітелуі және тамақтың жыбырлауы жатады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы мен көпжылдық бақылауларға сәйкес, ЖРВИ мен тұмаудың таралуы әдетте желтоқсаннан сәуір айының соңына дейін жалғасады.
Мамандар тұрғындарға инфекцияның алдын алу үшін қолды жиі жууды, бөлмені үнемі желдетуді, ылғалды тазалық жүргізуді, адам көп жиналатын орындарда ұзақ уақыт болмауды және науқас адамдармен жақын қарым-қатынасты шектеуді ұсынады.